Жиырма бесінші мамыр — өңірдегі мыңдаған оқушы үшін ерекше күн. Соңғы қоңырау соғылып, алда — жазғы демалыс, ал түлектер үшін — үлкен өмірдің жаңа кезеңі. Мерекенің тыныш әрі қауіпсіз өтуі үшін облыс полициясы күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Негізгі мақсат — балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайту.

Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Абай Жүсіпов Мағжан Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейіндегі салтанатты жиынға арнайы қатысты. Ол оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтап, түлектерге сәттілік, ал барлық балаларға жазғы демалысты пайдалы өткізіп, өз құқықтары мен міндеттерін ұмытпауға тілек білдірді. Таңертеңнен бастап мектептердің маңында патрульдік полиция қызметкерлері, ювеналдық полицейлер мен учаскелік инспекторлар кезекшілік етуде. Өңір бойынша мектеп іс-шараларына полицияның түрлі бөлімшелерінің басшылары мен тәжірибелі қызметкерлері жұмылдырылған. Полицейлер ата-аналарға баланың қауіпсіздігі ең алдымен оған көңіл бөліп, демалыс кезіндегі бос уақытын бақылаудан басталатындығын ескертеді. 26 мамырға қараған түні облыста ювеналдық полиция инспекторларының қатысуымен профилактикалық рейдтер мен жергілікті тексеру іс-шаралары өтеді. Олардың мақсаты — құқық бұзушылықтардың алдын алу, жасөспірімдерді қорғау және қоғамдық тәртіпті сақтау.