Солтүстік Қазақстан облысында соңғы қоңыраудан кейінгі түн тыныш өтті. Патрульдік полиция қызметкерлері, ювеналдық полицейлер, учаскелік инспекторлар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында күшейтілген режимде қызмет атқарды. Кәмелетке толмағандарға қатысты өрескел құқық бұзушылықтар анықталған жоқ.
Жиырма бесінші мамыр күні салтанатты жиындардан кейін Петропавл көшелеріне патрульдік полиция қызметкерлері, ювеналдық полицейлер, учаскелік инспекторлар және облыстық ведомство аппаратының қосымша күштері шықты. Қызметке кірісер алдында полиция департаменті бастығының орынбасары Марат Жұмалиев пен қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Әлібек Ғабдуллин жеке құрамға арнайы нұсқау берді: басты мақсат — айыппұл салу емес, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайту және төтенше жағдайларда адамдарға көмек көрсету.
Жағдай кешенді түрде бақылауда болды. Атап айтқанда көшелердегі патрульдер, жедел басқару орталығының бейнекамералары және орталық саябақ пен қаланың басты жаяу жүргіншілер көшесі үстінде дрондар жұмыс істеді. Кәмелетке толмағандарға қатысты өрескел құқық бұзушылықтар тіркелген жоқ. Жасөспірімдердің ересектердің қарауынсыз түнгі уақытта көшеде жүруінің үш фактісі, құқыққа қарсы әрекеттер туралы хабарламау және кәмелетке толмаған жасөспірімнің қоғамдық орында мас күйде болуының бір дерегі анықталды. Әрбір жағдай бойынша хаттама толтырылып, балалармен және ата-аналармен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Бұл бір реттік акция емес. Жыл басынан бері облыста бес жүзден астам рейд өткізіліп, балалардың ересектерсіз түнгі уақытта жүруінің мыңнан астам фактісі анықталды, алты жүз жиырма ата-ана жауапкершілікке тартылды. «Жасөспірім» және «Каникул» жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізілді, мектептер мен колледждерде мың жеті жүзге жуық профилактикалық кездесу ұйымдастырылды. Алда — жазғы демалыс. Полицейлер ата-аналардан балалармен жолдағы және су маңындағы қауіпсіздік туралы сөйлесіп, сағат жиырма үштен кейін кәмелетке толмағандардың ересектерсіз көшеде жүруіне тыйым салынатынын еске салуды сұрайды.