Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов жұмыс сапарымен Есіл және Ғабит Мүсірепов аудандарында болды. Сапар барысында ол жергілікті агроөнеркәсіп кешенінің басшыларымен кездесіп, көктемгі егіс науқанының барысын пысықтады. Кездесулерде шаруашылықтардың техникалық дайындығы мен субсидия алу мәселелері талқыланды.

Өңір жетекшісінің бірінші орынбасары алғашқы болып Есіл ауданына қарасты Мәдениет ауылына барды. Мұнда Марат Иманбайұлы «Прометей-Агро» және «Тілеп-НАН» серіктестіктерінің жетекшілерімен жүздесті. Бүгінгі таңда бұл қожалықтарға «Аграрлық несие корпорациясы» тарапынан тиісті қаржылай қолдау көрсетілген.

«Тілеп-НАН» ЖШС Есіл ауданында 7 мың гектар алқапты игеріп отыр. Оның 60 пайызына дәнді дақылдар себілсе, қалған бөлігіне майлы және бұршақты дақылдар егіледі. Көктемгі дала жұмыстарына тас-түйін дайын отырған агроқұрылым биыл тұқым қорын 15 пайызға дейін жаңартқан.

СНХР: ҚАЙРАТ МЕЙРАМОВ, ЖШС ДИРЕКТОРЫ

Бұдан кейін Марат Тасмағанбетов Ғабит Мүсірепов ауданындағы Неженка ауылына барды. Жұмыс сапары аталған елді мекендегі жергілікті кәсіпкерлермен кездесумен жалғасты. Марат Иманбайұлының сөзінше, биыл мемлекет тарапынан диқандардың егіс науқанына еш алаңсыз кірісуі үшін барлық қолайлы жағдай жасалған.

Сонымен қатар, облыс әкімінің бірінші орынбасары қазіргі күні өңірімізге 56 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінгенін айтты. Оның құны литріне 281 теңгені құрайды. Яғни, ол нарықтағы бағадан 20 пайызға төмен.