Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов сондай-ақ, Тимирязев және Шал ақын аудандарына да барып жергілікті агроқұрылымдардың тыныс-тіршілігімен танысып, көктемгі егіс ахуалын бағамдады. Басқосуларда техникаларды сақадай сай ету және мал шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды.

Өңір жетекшісінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов ең алдымен Тимирязев ауданындағы шаруалармен жүздесті. Кездесу барысында Марат Иманбайұлы жергілікті диқандарға өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа технологияларды енгізуді тапсырды. Сонымен қатар аймақта тек егін егумен шектелмей, төрт түлікті өсіруді де қатар дамыту қажеттігіне назар аударды.

Кейін Марат Тасмағанбетовтың сапары Шал ақын ауданында жалғасты. Қазіргі уақытта мұнда көктемгі егіс науқаны қарқын алған. Аудан бойынша алқаптардың 50 пайызын жоғары маржиналды дақылдар, яғни майлы және бұршақ тұқымдастар алып жатыр. Жалпы аудан бойынша егістіктің 23 пайызы майлы дақылдарға тиесілі.

Өңірдегі іргелі агрокәсіпорындардың бірі – «Черкас» ЖШС. Серіктестіктің иелігінде 9 мың 180 гектардан астам құнарлы жер бар. Шаруашылық егін егу және жайылымды игеру ісінде тек заманауи, қуатты шетелдік техникаларды пайдалануда.

СНХР: АЛЕКСАНДР ЧЕРКАС, ЖШС ДИРЕКТОРЫ

Айта кетейік, Марат Иманбайұлы үкімет отырысында бекітілген маңызды шешімдерге де тоқталды. Оның сөзінше, биыл мақсатты қаржы тек «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы ғана емес, «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» (СПК) арқылы да беріледі. Бұл қаражат ет бағытындағы жобаларды қаржыландыруға бағытталмақ.