Decentrathon 2.0 – Қазақстандағы ең ірі көпсалалы хакатоны. Мультилокациялық іс-шара Қазақстанның 17 өңірін қамтиды. Оған студенттер, мектеп оқушылары, айти мамандары қатыса алады.


Осы қазан айында Decentrathon 2.0 гибридті тәсілмен әзірлене отыра, 19 қаланың қатысушыларын біріктіре алды. Ауқымды жоба инновациялар мен ынтымақтастықтың дамуын көздейді.


НҰРГҮЛ БОЛАТОВА, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ASTANA HUB ӨҢІРЛІК МЕНЕДЖЕРІ: 

- Hub бұл айти стартаптарының халықаралық технопаркі. Ол айти эко жүйесін дамытумен, болашақ айти мамандарын дайындап шығарумен, аймақтық айти хабтарға қолдау көрсетумен айналысады. Хакатон Қазақстанның барлық өңірлері бойынша 48 сағат өткізіледі. Бұл іс-шараға студенттер, мектеп оқушылары, осы саланың мамандары қатысады.


Бүкіл өңірлер хакатонға қатысуды бір уақытта бастап кетті. Мұнда Blockchain, жасанды интеллект, GameDev, телеграмм қосымшасы бағыттары ұсынылған. Оның барысында қатысушыларға кейстер жарияланып, айти стартаптар әзірлене бастады. Жобаға 2 күн беріледі. Мирас Зейнуллин 2-курс студенті. Ол айти саласына оқушы кезінен бастап қызығушылық таныта бастаған. Қазіргі мамандығын да студент осы саламен байланыстырыпты.


МИРАС ЗЕЙНУЛЛИН, МАНАШ ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: 

- Біз қазір СаяхатAWAY қосымшасын әзірлеудеміз. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған карта. Оның дайындалуына 2 айдай уақытымыз кетті. Бұл қосымшаның ерекшелігі мүгедек жандарға оңай, тез, ыңғайлы маршрут құрастырып бере алуында. Бұл карта олардың өмірін әлдеқайда жеңілдете алады деп ойлаймын.


Ұйымдастырушылардың сөзінше, Decentrathon 2.0 ортақ идеялары мен технологияға деген құштарлығы бар адамдарды біріктіретін ерекше ірі мультилокациялық хакатон. Барлық қатысушылар жобаларын ертең сенбі күні сағат түнгі 12.00-ге дейін тапсыруы тиіс. Айта кеткен жөн, биылғы хакатонның жүлде қоры 50 мың долларды құрайды.