Петропавлда "Этномедиация этносаралық қақтығыстардың алдын алу, реттеу және кейінгі бақылау тәсілі ретінде" тақырыбында үш күндік семинар басталды. Оған кәсіби және қоғамдық медиаторлар, этномәдени ұйымдардың өкілдері, жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау органдарының мамандары, сондай-ақ білім беру саласының қызметкерлері қатысып жатыр.
ІС-Шараның мақсаты – этномедиацияны дауларды, жанжалдарды шешетін және оның алдын алатын балама тәсіл ретінде ілгерілету және қоғамдық этномедиаторларды қолдау.
БОЛАТ БАЗАРБАЕВ, «ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ» КММ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
- Бұл семинар біздің өңірде дәстүрлі түрде 3 жылдан бері өткізіліп келеді. ІС- шараға этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жастар, білім беру мекемелерінің өкілдері шақырылды. Қатысушылардың барлығының этносаралық қатынастарға тікелей қатысы бар. Дәрістер теориялық білімге емес тәжірибеге бағытталмақ. Тапсырмалар беріліп, топтық жұмыс болады.
Семинар барысында әрбір қатысушы этномедитация жөнінде білім көкжиегін кеңейтіп, дауларды шешу мен жанжалдың алдын алу әдістерін меңгереді. Облыстың түкпір-түкпірінен барлығы 50-ге жуық маман қатысып жатыр.
ЭЛЬМИРА ТАНАҚҰЛОВА, СҚО ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ҒЫЛЫМИ-САРАПТАМАЛЫҚ ТОБЫНЫҢ МҮШЕСІ:
- Мен үшін психологиялық аспект, этносаралық қақтығыстарды реттеу және болжау туралы жоғары деңгейлі сарапшылардың пікірін тыңдау өте маңызды. Бүгінгі үш күндік оқытудан кейін іздің өңірде этномедиаторлар саны көбейеді деген сенімдемін.
Семинар соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталады.