Облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 28 жастағы петропавлдықтан аса ірі мөлшерде синтетикалық есірткі тәркіледі. Күдікті Жұмабаев көшесінле ұсталған. Жеке тінту кезінде тұрғынның қалтасынан дозаларға бөлінген , халық арасында тұз аталып кеткен синтетикалық есірткінің 190 түйіншегі табылған.


Күдіктінің жалдамалы пәтерінен «синтетика» салынған пакет, электрондық таразы, «зиплок» пакеттері, жазбалары бар дәптер, сондай-ақ АҚШ доллары мен түрік лиралары тәркіленді. Күдіктінің айтуынша, ол шетел валютасын «коллекциялаған». Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 205 грамнан асты. Бұл аса ірі мөлшерге жатады. Қазіргі уақытта ұсталған адам қамауға алынды. Сату мақсатында аса ірі мөлшерде есірткіні сақтағаны үшін ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.