Қазақстанда президенттік олимпиада басталды. 11-сынып оқушылары жаратылыстану-математика бағытында өздерінің білімі мен ұшқырлығын тексермек. Петропавлда өңірлік кезеңге 166 оқушы қатысып жатыр.
Тестілеу пәндерінің қатарында математика, физика, химия және биология бар. Альбина Байғажқызы Тайынша ауданынан келіп отыр. Ол бұл сынақтан сүрінбей өтемін деген ойда. Сондықтан да бұл олимпиадаға мұқият дайындалған.
АЛЬБИНА БАЙҒАЖҚЫЗЫ, №5 ОРТА МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ
- Мен физика, математика, биология және химия пәндерін тапсырайын деп отырмын. Алдағы уақытта физика, математика пәндерін таңдап отырмын. Яғни, мұғалім боламын. Қазір 11-класс болған соң, математика мен физикаға жақсы дайындалдым. Биология мен химияны жақсы оқимын.
Бұл олимпиадада 116 оқушы өз бақтарын сынап жатыр. Үздік нәтиже көрсеткен 20 бала 17 қазанда екінші іріктеу кезеңіне қатысады.
БАҚЫТ ҒАБДУЛЛИНА, «ҚЫЗЫЛЖАР ДАРЫНЫ» ДАРЫНДЫ БАЛАЛАР МЕН ЖАСТАРДЫ АНЫҚТАУ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
- Оқушылар бүгін тестілеуден өтеді. Лайықты нәтижеге жетіп жатса, онда облысымыздың намысын республикалық кезеңде қорғайтын болады. Бұл 11-сынып оқушылары үшін жақсы мүмкіндік. Бұл сынақ олардың білімін тексеруге және ҰБТ-ның алдындағы дайындықты пысықтауға көмектеседі.
Биыл өңірлік кезеңге қатысушылар саны 40 адамға көбейген. Бұл балалардың олимпиадаға қызығушылығының артқанын білдіреді, - дейді ұйымдастырушылар. Биыл Президенттік олимпиада 17-ші рет өткізіліп отыр.