Жыл басынан бері облыста 268 өрт тіркелді. Салдарынан 17 адам мерт болды. 31 адам түрлі дене жарақатын алды, оның ішінде 5-уі бала. Өрттің шығуына негізгі себептер: электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу, пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу болып отыр.
Өрттің алдын алу мақсатында жыл басынан бері департамент қызметкерлері тұрғын үйлерге 49 мыңнан астам тексеру жүргізген. 103 мыңнан астам адам қамтылып, 71 мыңнан астам парақша таратылды. 15 тамыздан бастап өңірде өрт қауіпсіздігі айлығы өтіп жатыр. Профилактикалық жұмыс ең алдымен халықтың әлеуметтік осал топтары арасында жүргізіледі. Үй үйді аралау нәтижесінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 1750 фактісі анықталды.
АСЛАН АХМЕТЖАНОВ, СҚО ТЖД МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
- Сондай-ақ өңірде автокөліктердің өртену оқиғалары да жиілеген. Мәселен биыл 39 машина өртке оранды. Материалдық шығын - 39 млн теңгеден асты. 24 жағдайда - Электр сымдарының қысқа тұйықталуынан, апат кезінде 1 және 14 жағдай басқа себептерден өрт шыққан.