Петропавл қаласы полиция басқармасы ғимаратының алдында гарнизондық сап түзеу өтті. Жиында ҚР Ұлттық Ұланы 6637 әскери бөлімінің сарбазы және осы бөлімде келісімшарт бойынша қызмет атқарып жүрген үш әскери қызметші марапатталды.
«Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасының соңғы күнінде оларға полиция департаменті басшылығының алғыс хаттары табысталды. Ефрейторлар Леонид Манузин мен Азамат Ақмылтықов, сондай-ақ қатардағы Жасұлан Ізтай есірткінің заңсыз айналымымен байланысты қылмысты ашуға көмектескені үшін, ал, санитариялық нұсқаушы, кіші сержант Ербол Гузманов көктемгі су тасқынына қарсы іс-шараларға белсене атсалысқаны үшін марапат алды.
Күн сайын ҚР Ұлттық Ұланы 6637 әскери бөлімінің 100-ден астам әскери қызметшісі Петропавл көшелерінде полицияның кешенді күштерінің құрамында құқықтық тәртіпті сақтауға жұмылдырылады. Жыл басынан олардың көмегімен облыс орталығының аумағында 9 қылмыс ашылып, ондаған әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.