«Таза Қазақстан» республикалық эко акция аясында Мамлют қаласында ұйымдастырылған «Үздік аула» байқауының қорытындысы шығарылды. Байқаудың нәтижесі бойынша аудан орталығының тұрғыны Ольга Семенова жеңімпаз атанды. Ол ауласын гүл бағына айналдырған.
Ольга Семенова үй шаруасымен айналысады. Ал аулада және үйде гүлдерді өсіру – оның сүйікті ісі. 10 жыл ішінде қала тұрғыны өсімдіктерді дұрыс күтіп, баптау жайында мол тәжірибе жинады. Қазір білгенін көршілерімен бөліседі.
ОЛЬГА СЕМЁНОВА, МАМЛЮТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
- Гүл – жайлылық береді, қуаныш сыйлайды. Үй ішінде аз болса да гүл болғаны жақсы. Тіпті бөлменің іші де ерекше әдемі болып тұрады.
Ольга Ивановнаның сөзінше оның ауласындағы әрбір гүл өзінше әдемі. Бағында тек гүл төресі раушанның ғана бірнеше түрі бар.
ОЛЬГА СЕМЁНОВА, МАМЛЮТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
- Мен колеус коллекциясын жақсы көремін. Себебі оның әр жапырағының өзі әдемі. Және бірнеше түстен құралған. Одан бөлек жаңбыр астында қалса да жайқалып тұрады.
Ольга Семенованың бағын қызықтап келушілер аз емес. Олар бұл жерде суретке түсіп, гүл өсіруге қатысты кеңес те алады.