Петропавлда заңгерлердің және психологтардың қатысуымен тұрғындарға арналған ашық есік күні өтті. Ол қаланың орталығында – Қазақстан Конституциясы көшесінде ұйымдастырылды. Іс-шара «Birgemiz» фронт-офисі және қалалық жастар ресурстық орталығының бастамасымен жүзеге асты. Мамандар қызығушылық танытқан тұрғындарды қабылдап, сауалдарына жауап берді.


Мұндай іс-шара бұған дейін де өткен. Мамандардың көмегіне жүгінушілер көп болғандықтан биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Мамандар көшеге үстелдер қойып, әрі-бері өткен қала тұрғындарын қабылдады. Оларға психологиялық және заңгерлік кеңестер берілді.


ЖҰЛДЫЗ ТОҚТАРҒАЗЫ, «BIRGEMIZ» ФРОНТ-ОФИСІНІҢ МАМАНЫ:

- Бүгін өте актуалды сұрақтар қойылды. Соның бірі – үйді жалға беруші мен жалға алушының арасындағы келісімішарттың болуы жөнінде. Бұл дегеніміз халықтың бұл түсінікке әлі дұрыс келе қоймағандығында. Жай ғана құр сөзбен жалға алудың қаншалықты қауіпті екенін айтып түсіндірдік.


Іс-шараға жасөспірімдер де қатысты. Олар қолдарына түрлі-түсті бор алып, асфальтқа сурет салды. Балаларға психолог Гаухар Мұстанова бағыт-бағдар беріп отырды.


ГАУХАР МҰСТАНОВА, ПСИХОЛОГ:

- Нейростритарт. Бұл дегеніміз асфальтқа сурет салу. Жай ғана бояу емес. Сурет салған кезде бар ойымыз, арамынымыз бен қиялымызды көрсетеміз. Мен жуырда «Сен үшін» деп аталатын нейрокафе аштым. Онда ересектер те балалар да сурет сала алады.


Мейрам қарсаңында ұйымдастырылған ашық есік күні кешкі сағат 6-ға дейін жалғасты.