Петропавлдағы Достық мол сауда орталығында 24 тауар өндіруші қатысқан жәрмеңке-көрме өтті. «Бір ауыл - бір өнім» жобасы аясында ұйымдастырылған іс-шара дәстүрлі. Оның қорытындысы бойынша 3 жеңімпаз анықталып, олардың өнімдері республикаға таныстырылмақ.
"Бір ауыл – бір өнім" жобасы екі жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінгі жәрмеңкеге былтырғы байқауда ақтық сынға жолдама алған "Пасека семьи Пилипушко " ШҚ да қатысты. Компания өзі өндіретін балдан джем, паста, емдік жақпа май мен табиғи косметика жасайды.
ЯРОСЛАВА ПИЛИПУШКО, "ПАСЕКА СЕМЬИ ПИЛИПУШКО" ШҚ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- Біз Петропавл тұрғындарына балдан жасалған өнімдерді ұсынып отырмыз.Оның ішінде табиғи косметика да бар. Қазіргі таңда біз сертификаттаудан өтіп жатырмыз. Болашақта өнім дүкен сөрелерінде сатылады деген үміттеміз.Біздің омарта Мағжан Жұмабаев ауданы Береке ауылында орналасқан.Өткен жылы біз бұл жобаның финалисті болдық. Сол кезде жоба аясында бізбен бірге маркетолог және технолог мамандар жұмыс істеді.
Бүгінгі жәрмеңкеге 24 тауар өндіруші қатысып отыр. Оның қорытындысы бойынша 10 адам екінші кезеңге жолдама алады.Бұдан кейін олардың арасынан арнайы комиисия үш жеңімпазды анықтайды.
ӘСЕЛ САМАРАТОВА, СҚО КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
- Бұл жоба жергілікті кәсіпкерлерді қолдауға, СҚО брендін қалыптастырып оны ішкі әрі сыртқы нарықта жарнамалауға бағытталған.Мұнда негізінен облыс өнімдері ұсынылып отыр. Жалпы тауарлар 70 пайыз жергілікті шикізаттан жасалған.
Бүгінгі жәрмеңкеде өзінің тауарын ұсынып отырған жандардың бірі Зарина Мавляни. Ол Петропавлдағы ұлттық киім тігетін сән үйінің негізін қалаушы. Қазір оның қол астында 8 адам жұмыс істейді. Айтуынша, қазақы үлгідегі киімдері Алматы мен Астана қалаларында сұранысқа ие.
ЗАРИНА МАВЛЯНИ, ДИЗАЙНЕР:
- Мен өзім Қазақстанның ең үздік дизайнерлерінен білім алдым. Сол себепті осындай ұлттық нақыштағы сапалы киімдерді Петропавлда тігемін деген шешімге келдім. Жәрмеңкеде менің қолдан жасалған аксессуарларым бар. Бір аксессуарды дайындауға бір апта уақыт кетеді.
Айта кетейік, жалпы бұл жобаны "Атамекен" Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы жүзеге асырып жатыр. Байқау финалисттері бес млн теңгеге дейін грант алып, білікті мамандардың қолдауына ие болады. Жобаның қорытындысы қыркүйек айының басында белгілі болады.