Петропавлда этно-көрсетілім ұйымдастырылды. Осымен 3-ші мәрте өткізіліп отырған іс-шарада биыл ересектер де бой көрсетті. Барлығы 50-ден астам қатысушы қазақи нақыштағы әрі заманауи үлгідегі көйлек киіп ортаға шықты.


Бұл күні жиналған халықтың қарасы аз болмады. Қазақи оюмен өрнектелген киім киіп, көпшіліктің назарына ұсынған манекеншілер де жетіп артылады. Барлығы 50-ден астам қатысушының 35-і бала болса, қалғаны ересектер. Айта кету керек, ортаға шыққандардың арасында ер адамдар да болды.


ӘСЕМГҮЛ ҚАПАРОВА, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:

- Мен өзім қазақи стильді жақсы көремін. Күнделікте өмірде, жұмысқа барсам да осы стильде киініп жүремін. Өзім Мәдени мұраны қорғауға қатысты көптеген жобаларды ұйымдастырғанмын. Сондықтан, мұндай көрсетілімдер маған таңсық емес. Көп ақпарат жинағандықтан, бұны халықпен бөліскім келеді. Тұрғындар қазақи киімдерді күнделікті киіп жүрсе екен деймін.


Негізі жоба бірнеше кезеңнен тұрады. Қатысушылар ортаға шықпас бұрын 1 ай бойы модельдік мектептерге барып, сахнада өзін еркін ұстауға бейімделеді екен. Этно-көрсетілімге қатысқандардың арасында жасы алпыстан асқан қала тұрғыны Айжан Жаулетбаева да бар.


АЙЖАН ЖАУЛЕТБАЕВА, ҚАТЫСУШЫ:

- Менің немерем этно-көрсетілімде билеп, өз өнерін көрсетеді. Қатысып жүргенде екуеуімізді осы жиынға шақырды. Содан немеремді қолдау үшін қатысайын деп шештім. Өте ризамын. Жасым 65-ке келседе, өзімді жас сезініп тұрмын. Көп рахмет.


Айта кету керек, көрсетілімге тек өңір тұрғындары ғана емес павлодарлықтар да қатысты.


АЙТОЛҚЫН ШАЙМЕРДЕН, ҚАТЫСУШЫ:

- Мен бұл көрсетілімге Павлодар қаласынан келіп отырмын. Іс-шара туралы анам естіп, мені алып келді. Өздеріңіз көріп отырғандай мен бұл жиынға көйлек, қазақы нақыштағы оюланған бас киім мен әшекейлер тағып келдім.


Жиын барысында көрерменге концерттік бағдарлама ұсынылып, ал қатысушыларға гүл шоқтары мен сертификаттар табысталды.