Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірдегі шаруаларға шөптің бір жарым жылдық қорын – 1 млн 400 мың тонна дайындау міндетін қойды. Мал қыстан аман өтуі үшін биыл 940 мың тонна шөп, 234 мың тонна пішен, 867 мың тонна сабан және 818 мың тонна жем дайындау қажет. Ал үй шаруашылықтарына шөптің 424 мың тоннасын, сабанның 406 мың және жемнің 277 мың тоннасын әзірлеу керек.
Өңірде қыста 312 мың бас ірі қара, 401 мың бас ұсақ мал және 150 мың бас жылқы қораға кірді. Бүгінгі таңда 979 мың тонна шөп, 346 мың тонна пішен дайындалды. Үйдегі төрт- түлікке қажетті азықтың 83% пайызы, нақтырақ айтқанда 352 мың тоннасы әзірленген. Айта кетейік, бір тонна шөптің орташа бағасы 12-14 мың теңге. Бұл сома өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге төмен.
МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
- Есіл мен Шал ақын ауданының агроқұрылымы сүрлем дайындауды бастады. Осы жылға арналған жоспар бойынша 272 мың тонна сүрлем әзірленуі керек. Қазіргі таңда шамамен 11 мың тонна дайын. Ал, бұл дегеніміз жоспардың 4 пайызы. Барлық шаруалар, әрине, алдағы қысқа ғана емес, сонымен қатар бір жарым — екі жылдық жем-шөпті әзірлеуді мақсат етуі керек. Қазір бұл жұмыс облыста белсенді атқарылып жатыр.