Әсел Көжебаева - Петропавл қаласының тұрғыны. Мүмкіндігі шектеулі әйелге сұлулық салонында тиісті қызмет көрсетілмегеніне куә болған шебер, мүгедектігі бар адамдарға арнап өз салонын ашуды шешкен. Осылайша, мемлекеттен 1,5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант және несие алып, іске кірісіп кеткен. 1 ай бойы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 10 шілде ашылу салтанатын өткізді.


АСНУРИЯ АБДУЛА, ТІЛШІ:

- Сұлулыққа әркімнің де таласы бар. Петропавлдық Әсел Көжебаева облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап сұлулық салонын ашты. Мұнда мүгедектігі бар адамдар қызмет құнының жартысын ғана төлейді.


Ал, зейнеткерлерге 20 пайыз жеңілдік бар. Әсел Қожабаева «қажет болған жағдайда адамдардың үйіне тікелей барып, қызмет көрсетуге дайынбыз»,- дейді. Айта кетейік, мұндай салон Петропавлда алғаш рет ашылып отыр.


ӘСЕЛ КӨЖЕБАЕВА, ШЕБЕР:

Бір сұлулық салонына барған кезде менің көзімше, церебральды сал ауруымен ауыратын қызға қызмет көрсетуден бас тартты. Мен әрбір қыз баласы, әйел адамы әдемі болуға лайық деп ойлаймын. Сондықтан, мен өз салонымды ашамын деп шештім. Ашылған кезде инстаграм арқылы әйелдер арасында сайыс өткіздім. Жалпы, осындай жобаларды жиі өткізіп, сайыс ұйымдастырып тұрамын. Бұл қыз-келіншектерді одан сайын ынталандырады.


Әсел Көжебаеваның алғашқы «преображения» атты жобасының жеңімпазы – Дина Мезенбекова болды. Ол 36 жаста. 1 топтағы мүгедек. Дина тек арбамен ғана қозғала алады. Оған шебердің жұмысы қатты ұнаған.


- Мне понравился. Оказывается мне очень идет.


Әсел Көжебаева алдағы уақытта мұндай салондарды Қазақстанның әрбір қаласында ашуды жоспарлап отыр.


Аснурия Абдула