Аққайың ауданы Смирнов ауылының тұрғындарына тегін заңгерлік кеңес берілді. Іс-шараның негізгі мақсаты - шалғай елді – мекенде тұратын адамдарға құқықтық көмек көрсету және олардың өзекті мәселелерін шешу. Мұндай кездесулер азаматтардың алысқа шықпай-ақ, уақыттарын үнемдеуге көмектеседі.


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топтың құрамында мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері және заңгерлер мен адвокаттар бар. Мамандар халықты қабылдап, кеңес береді. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да белсенді түрде өткізілмек.


НҰРСҰЛТАН БАЙЗАҚ, АҚҚАЙЫҢ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бүгінгі қабылдауда азаматтар өздерінің кез-келген сұрақтарын қойып, оған тез жауап ала алды. Мұндай кездесулерде біз күшімізді өзара біріктіріп, көптеген сауалдарға жауап таба аламыз. Алдағы уақытта да, мұндай іс-шараларды жиі өткізіп тұрамыз.


Рахат Джазин сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілінен кеңес алуға келген. Биыл 11 -сыныпты аяқтаған жасөспірім болашағын мемлекеттік қызметпен байланыстырмақ.


РАХАТ ДЖАЗИН, СМИРНОВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Мен жергілікті университетке түспекпін. Мұнда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке орналасу үшін қандай білім алу керек екенін білу үшін келдім. Маған бұл сала өте қызық, сондықтан болашағымды осы мамандықпен байланыстрамын.


Кездесу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топтың өкілдері жиналғандарға парақорлық фактісіне тап болғанда қайда жүгіну керек туралы жадынамалар да таратты.