Өңірде «Автобус» іс-шарасы аясында алты күнде жол ережелерін  бұзудың 300-ден астам дерегі анықталды. Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті ел аумағында өткізілген «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындылады. Мақсат - жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, жүргізушілердің жұмыс режимін сақтауын бақылау, сондай-ақ өңір жолдарындағы апаттылықты азайту.


26 шілде күні Петропавл сыртындағы айналма жолда патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қала ішінде қатынайтын бағыттардың бірінің автобусын басқарып келе жатқан 57 жастағы жүргізушіні тоқтатты. Күннің жарығынан қорғану үшін көліктің алдыңғы терезесін қараңғылатып, пленка жабыстырған, бұл көлік құралдарын пайдалануды өрескел бұзу болып ЕСЕПТЕЛЕДІ. Жүргізуші сол жерде пленканы алып тастады. Бұл факті бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сол күні кешке қалалық патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Жұмысшы кентінің көшелерінде мас күйде жүрген Mitsubishi жеңіл автокөлігінің 45 жастағы жүргізушісін ұстады. Тоқтату кезінде ер адам полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбады. Медициналық куәландыру оның бойында мастықтың орташа дәрежесін көрсетті. Ер адам 15 күнге әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін. Сондай-ақ «Автобус» операциясы аясында 28 шілде күні Кошуков көшесінде 62 жастағы маршруттық автобус жүргізушісінің қарсы қозғалыс жолағына шығып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны анықталды. Жүргізушіге қатысты әкімшілік материал жиналды; ол 6 айға көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін. Жалпы, «Автобус» іс-шарасының алты тәулігінде полицейлер мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесіп өткізген рейдтер барысында жол жүрісі қағидаларын бұзудың 300-ден астам дерегін анықтады. Оның ішінде, көлік басқару кезінде телефон пайдаланудың – 52; маневр жасау ережелерін бұзудың – 32, жылдамдықты арттырудың – 26 фактісі анықталды. 19 жүргізуші көліктерін техникалық тексерусіз пайдаланған. Жолаушылар көлігінің қатысуымен өңір жолдарында 6 айда 4 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 5 адам түрлі жарақаттар алды.