Петропавлдағы Ойқала шағын ауданында тасқын кезінде зақымданған үйлерді жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ғ. Мүсірепов атындағы ауданнан келген 5 механикалық бригада осы аумақтағы 243 үйге жауапты. Оның 189-ы қайта қалпына келтіруге жарамсыз деп танылған. Бүгінде барлығы 73 үй сүрілді. Осы аралықта 8 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.


Елена Семыкина Ойқала шағын ауданында 54 жыл тұрған. Қазір қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқан үйіне 5 жыл бұрын көшіп келген екен. Баспана тасқын кезінде су астында қалған. Жөндеу жұмыстарына Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның механикалық бригадасы 10 маусым күні кірісті. Бүгінде мұндағы еден толық ауыстырылып, үйдің жоғары бөлігі де қалпына келтірілген. «Жұмыстың басы-қасында өзім жүрдім, қажетті керек-жарақты да жұмысшылармен бірге таңдадық» - дейді келіншек.


ЕЛЕНА СЕМЫКИНА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Алдымен мұнда не бар, соның бәрін сыртқа шығарды. Бірнеше апта еден-қабырғаларды кептірді. Көмектескендерге алғысым шексіз! Мемлекетке рахмет! Бізді қиын сәтте жалғыз қалдырмады. Көшіп келгенімізге көп те болмаған еді. Жөндеу жұмыстарынан кейін үйді көргенде қатты қуандым!


Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның механикалық бригадасы Ойқала шағын ауданындағы жұмысқа мамыр айында кіріскен. Жұмысшылар 200-ден астам үйге жауапты. Оның 54-і жөндеуге жарамды деп танылған. 47-сін тұрғындардың өздері қайта қалпына келтірмек.


РУСЛАН АҢБАЕВ, Ғ. МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ АУДАННЫҢ ӘКІМІ:

- Бүгін Мемлекет басшысы және облыс әкімінің тапсырмасымен Ойқала шағын ауданында моноторинг жұмыстарын жүргізудеміз. Қайта қалпына келтіріліп жатқан баспаналардың құрылысын көрдік. Жөндеуге жарамды деп танылған 54 үйдің 7-еуіне біздің механикалық бригада қалпына келтіреді. Үш баспана жөнделіп, тапсырылды. Тағы бір үйдің құрылысы бірнеше күн ішінде, қалған үш баспанадағы қайта қалыпна келтіру жұмытарыс тамыз айына дейін аяқталады.


Еске сала кетейік, Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның механикалық бригадасы құрамында 40-қа жуық адам бар. Құрылыс жұмыстарына 8 жүк көлігі, 2 экскаватор, 3 жүк тиегіш тартылған. Механикалық бригада қалпына келтірген үйлерге 2 жылға дейін кепілдік те береді.