Шалғайдағы ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету мақсатында жолға шыққан «Саламатты Қазақстан» пойызы бұл күнде жер–жерді аралап жүр. Білікті мамандардан құралған бригада биыл 100-ден астам станцияға аялдап, 90 мың адамға қызмет көрсетуді жоспарлап отыр. Жылжымалы кешен осы айда облысымызға келеді. Осылайша солтүстікқазақстандықтар да тегін тексеруден өте алады.
«Саламатты Қазақстан» пойызы 2010 жылдан бері жолда жүр. Бригаданың құрамында хирург, онколог-маммолог, кардиолог дәрігерлер бар. Барлығы 30-ға жуық маман, ауылдағы ағайынға медициналық қызмет көрсетеді. Шілде айының 24-нен бастап олар Солтүстік Қазақстан облысында болып, 5 ауданда 7 станцияға аялдап, тұрғындарды қабылдайды.
ҚАРЛЫҒАШ ІЛИЯСОВА, «ӘМСҚ» КЕ АҚ СҚОФ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
- Станцияға тоқтаған кезде, жақын маңағы ауылдарда мысалы ауратын науқастар болса инсулть бойынша, невропотологты пойыздың дәрігерлері бригаданы жәбере алады. Ол үйге зертханашыны да жіберіп, қан анализын алуға және тағы да басқа анализдерді тапсыруға болады. Оның барлығының қорытындысы бір күнде дайын болып, қалай емдеу жолын, барлығын дәрігерлер көрсете алады.
Пойыз соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жарақталған. Узи, рентген аппаратары бар. Кез-келген адам барып, толық тексеріле алады. Бастысы барлығы тегін. Осылайша ауыл халқы білікті дәрігерлердің көмегіне, шағын хирургиялық операциямен тістерін емдетуге де мүмкіндік алады.
ГҮЛНӘР ҚАЛИЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
- Өткен жылы Жамбыл ауданындағы Бауман станциясында 220 адамды қабылдаған. Оның ішіндегі ең көбісі 50-ден асқан егде жастағы адамдар және диспансерлік есепте тұрған адамдар. Сонымен қатар 5 жасқа дейінгі балалардың қатары көп болған. Бұл дегеніміз ауыл адамдарының өзінің денсаулығын жақсартуға, қандайда бір кеңес алуға мүмкіндік тудырады. Сонымен қатар бізде жергілікті аудандық ауруханалардың психолог мамандары да барып көмектеседі.
Теріскейде әлі күнге дейін дәрігерлер тапшы. Қазір аймақта 100-ге тарта маманның орны бос тұр. Сондықтан жалғыз фельдшерге күні қарап отырған ауылдықтар үшін бұл жақсы мүмкіндік. Бұдан бөлек пойызда заңгерлермен медиаторлар жұмыс істейді. Олар тұрғындарға құқықтың кеңес береді. Жалпы әлеуметтік жоба президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен жүзеге асып отыр.