Облысқа Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев келді. Вице-премьер өңір басшысымен бірге тасқыннан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, Бескөл ауылы мен Былғары зауыты шағын ауданында болды. Сондай-ақ, Бірлік шыған ауданында салынып жатқан жаңа үйлердің құрылысын да көрді.
Облыс әкімі және Премьер-Министрдің орынбасары бастаған топ алдымен Қызылжар ауданына барды. Бескөл ауылында табиғи апаттан зардап шеккен отбасылармен кездесіп, үйлерді қайта қалпына келтіру жұмысын көрді. Қазір елді мекенде 1099 баспана жөнделіп жатыр. Былғары зауыты шағын ауданында да баспаналарды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Құрылысты Шал ақын ауданы мехбригадаларының бірі қолға алған. Су болған заттар үш апта бойы кептіріліп, гипсокартон мен едендер ауыстырылды. Тұрғындар нәтижеге дән риза!
- Көпшіліктің құрылыс жұмыстарына көмектесіп жатқаны қуантады. Ойлап көріңізші. Осының бәрін өзіміз істесек не болар еді? Оңай емес. Ер-азаматтар мен құрылысшылар күні-түні тер төгіп жатыр. Бірреттік көмекті де алдық.
Сондай-ақ, Вице-премьер әр аумаққа бекітілген жедел штабтағы жауаптылардың баяндамасын таңдады. Жалпы Былғары зауыты шағын ауданында 356 тұрғын үй апатты деп танылған. оның 73-і бұзылып, 124-і қайта қалпына келтірілуі тиіс. 60 баспана жөнделіп жатыр. 50-ге жуық отбасы тұрғын үйді өз бетінше қалпына келтіруге шешім қабылдады.
- Үкіметке, сіздерге алғысымыз шексіз! Осындай қиын сәтте бізге де оңай емес. Бәрі көмектесіп жатыр. Жағдайымызды сұрайды. Бұл біз үшін маңызды.
- Былғары зауыты кентінде үш ауданның мамандары жұмыс істеп жатыр. Бұл: Есіл, Жамбыл және Шал ақын ауданы. Әрқайсысында бес мехбригададан бар. Бәрі 105 адам.
Еске сала кетейік, жаңа Бірлік шағын ауданында тасқыннан зардап шеккендерге арнап 700 баспана салынып жатыр. Әрқайсысы сумен қамтамассыз етіліп, электрмен жабдықталады. Бірлік шағын ауданының екінші бөлігінде салынып жатқан үйлердің құрылыс жұмысы маусым айының соңында аяқталады.