Петропавлдағы Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжінің 4 курс студенттері мемлекеттік емтихан тапсырды. Биыл оқу орнын 40-тан астам түлек бітіріп жатыр. Бұл жолы 10 студенттің әрқайсысы 6 шығармадан орындады. 


Колледж 7 мамандық және 11 біліктілік бойынша орыс және мемлекеттік тілдерде бюджеттік негізде мамандар даярлайды. Биыл оқу орнынан 42 студент түлеп ұшпақ. Соның бірі – Ақерке Әбиева, колледж мақтаныштарының бірі, президенттік шәкіртақының иегері. Әртүрлі халықаралық байқаулардың лауреаты атанған Ақерке 8 жылдық білімінің нәтижесін бүгін ортаға салды. Және де оның ендігі басты арманы – өзі армандаған «Шабыт» өнер университетіне оқуға түсу.


АҚЕРКЕ ӘБИЕВА, СТУДЕНТ:

- Қазіргі таңда мен Ермек Серкебаев өнер колледжінің 4-курс студентімін, түлегімін. Академиялық ән айту мамандығы бойынша түлегі болып отырмын. Осы жылдың басында Турцияға барып келдік, жай келмей бірінші орынды алып келдік. Осы 8 жыл ішінде мені өнер жолына салып, қызығушылығымды арттырып, маған үлкен демеу көрсеткен, ол менің ұстазым – Кашенова Рауза Абуталипқызы. Маған әрдайым үйреткен, әрдайым қолдау көрсеткен, менің екінші анамдай болған ол менің сүйікті ұстазым. Бүгінгі экзамен ойлағанымнан жоғары сапада, жақсы өтті.


Жарты ғасырдан астам тарихы бар оқу орнын көптеген өнерпаз бітіріп шықты.


НЫҒМЕТОЛЛА КӘРІМОВ, ПРОФЕССОР, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӨНЕР ҚАЙРАТКЕРІ:

- Петропавлға Мемлекеттік комиссияның өкілі болуға шақыртумен келдім. Емтихан тапсырып жатқан студенттерге көңілім толды, әрқайсы сауатты, еңбекқор. Түрлі жанр бойынша туындыларды орындап жатыр. Жалпы, емтиханның басты критерийлерінің бірі - шет тілдерінде, яғни неміс, итальян, қазақ, орыс тілдерінде ән айтуы тиіс, егер ағылшын тілінде тақырып болса, ағылшын тілінде ән айтады.


Мемлекеттік емтиханда түлектерге 20 минут беріледі, осы уақыт аралығында 1 студент 6 композицияны орындауы қажет.


АРУЖАН СӘКЕН