Петропавлда мемлекеттік шекара арқылы өзіндік ерекшелігі бар тауарлардың өткізілуін бақылау мәселелері талқыланды. Жиынға мемлекеттік кірістер комитетінің орталық аппараты мен өңір кәсіпкерлері онлайн ,ал Қостанай мен Павлодар мамандары офлайн форматта қатысты.


Өзіндік ерекшелігі бар тауарларға әскери мақсатта қолданылатын бақылау тізімінде көрсетілген заттар жатады. Яғни, қару-жарақ, әскери техника, технологиялар, бағдарламалық қамтылым, техникалық және арнайы құралдар, материалдар, өндіруге және сынауға арналған жабдық, олардың жинақтауыштары мен қосалқы бөлшектері сынды тауарлар. Мұны мемлекеттік шекарадан алып өтпекші болған кәсіпкердің міндетті түрде қолында құзырлы органдардан алған лицензиясы болуы керек. Арнайы құжат болмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мәселен былтыр облыс аумағында осындай бір заңсыз әрекет тіркелген.


ӘСИЯ ЕЛЕУКИНА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ?

- Былтыр облыс шекарасы арқылы бір кәсіпкер қазір санкция қойылған сандық бақылауға арналған жабдықты арнайы лицензиясыз алып өтпекші болды. Кәсіпкердің жолы кесіліп, ісі сотқа берілді. Нәтижесінде, ол 92 мың теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл төледі. Ел аумағынан Ресей немесе басқа да көрші елдерге өзіндік ерекшелігі бар арнайы тауарларды рұқсат қағазынсыз шығаруға болмайды. Заңсыз әрекеттерді анықтау мақсатында біздің мамандар жиі шекара қызметін тексеріп, тауарларды қарап отырады.


Жиын барысында кәсіпкерлерге өзіндік ерекшелігі бар тауарларды мемлекеттік шекарадан алып өтудің шарттары мен жаңашылдықтары түсіндірілді. Іс-шараға Қостанай облысының мемлекеттік кірістер департаменті эксперттік бақылау бөлімінің басшысы арнайы келген. Маманның сөзінше, былтыр бұл өңірде экспорттық бақылау заңын бұзған бірнеше факті тіркелген.


ЕЛДОС САПАБЕКОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ?

- Біздің өңірден кәсіпкерлер биыл майнингтік құрылғының 640 данасын заңсыз шығармақ болған. Оның шекарадан шығару туралы арнайы рұқсат құжаты болмағаны анықталды. Сот шешімі бойынша бұл құрылғы тәркіленіп, кәсіпкерге 90 мың теңге көлемінде айыппұл тағайындалды. Жалпы Қостанай өңірінде лицензиясыз шекарадан шығару фактілері жиі тіркеліп тұрады.


Бүгінгі іс-шараның мақсаты - кәсіпкерлерге өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау туралы заңнаманы сақтау қажеттілігін түсіндіру. Кірістер комитетінің орталық аппараты мұндай жиынды жалпы ел аумағында өткізуді жоспарлап отыр.