Жаңа «Бірлік» шағын ауданында 5 аптаның ішінде бой көтерген баспаналардың алғашқы легі тасқыннан зардап шеккен Ойқала, Хром зауыт шағын аудандарының және Заречный кентінің бір топ тұрғынына бұйырды. «Қазақстан халқына» қорының қаражатына салынған үйлердің кілттерін облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов табыстады.
Жаңа баспанаға ие болғандардың бірі – Мырзахметовтар отбасы. Жаңа үйдің таспасын қиюды немерелеріне сеніп тапсырды. Отбасы мүшелерінің қуанышында шек жоқ. Нұрсұлу Бақытқызы көзіне жас алып, қиын-қыстау сәтте көмек көрсеткендерге алғысын білдірді.
НҰРСҰЛУ МЫРЗАХМЕТОВА, «БІРЛІК» ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
- Қуанышымды айтып жеткізу қиын. Біз 13 сәуір күні қиын жағдайға тап болдық. Көп уайымға салындық. Мемлекет басшысына, облыс әкіміне, құрылыс компанияларына және осы үйлердің жылдам бой көтеруіне көмектескен барлық адамдарға алғысым шексіз. Көп рахмет.
Екатерина Чалкина Ойқала шағын ауданында тұрған. Су астында қалған баспанасы қайта қалпына келтіруге жарамсыз деп танылып, отбасы «Бірлік» шағын ауданынан жаңа баспана алуға өтініш білдірген.
ЕКАТЕРИНА ЧАЛКИНА, «БІРЛІК» ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
- Үй өте керемет. Бұрынғы баспанаммен салыстырсам, айырмашылықтары жер мен көктей. Жаңа үй, жарық, әдемі. Алдағы уақытта, бау-бақшамен айналысамыз.
Қазіргі таңда жаңа ауданнан үй алуға 300-ге жуық отбасы өтініш білдірген. Мұнда барлығы 3 мыңнан астам адам тұратын болады.