Су тасқынынан зардап шеккен аудандардың тұрғындарына көмек көрсету және оларды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр. Осы ретте, қоғамдық комиссия мүшелері баспанасынан айырылған азаматтардың өтініштерін қарап, оларға ақпарат беру үстінде. Үйі суға кеткен тұрғындардың бірі Солнечный-2 ықшам ауданында салынып жатқан үйлерді таңдаса, енді бірі пәтер алу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Тасқын судан зардап шеккендердің үйлері апаттық деп танылса, олар екі жолмен баспана таңдай алады. Яғни пәтер сатып алынады немесе Сольнечный-2 ықшам ауданында салынып жатқан 520 үйдің біріне ие бола алады. Зардап шеккендер қоғамдық комиссияның мүшелерімен ақылдасып, өздеріне ыңғайлы нұсқаны таңдай алады.
ЛӘЗЗАТ ЖАЛМҰҚАНОВА, ҚОҒАМДЫҚ КОМИССИЯ МҮШЕСІ:
- Тұрғындар үшін 3 таңдау бар. Оның бірі Солнечный-2 ауданында салынып жатқан үйлер болса, екіншісі қаладағы пәтерлер. Ал соңғысы, су тасқынынан зардап шеккендер қала ішінен үй алады. Пәтерлер қалпына келтіруге жарамсыз үйдің шаршы метріне сай етіп беріледі. Егер үйдің ауданы аз болса, мемлекет тағы 5 шаршы метр қосады. Ал Солнечный-2 шағын ауданынан берілетін үйлер шаршы метрге байланысты болмайды.
Зардап шеккендердің комиссия мүшелеріне қояр сұрағы көп, ең бастысы олардың ешқайсысы далада қалмайды. Баспана алуға құжатын тапсырғандардың бірі – Александр Куминов. Ол Солнечный-2 шағын ауданындағы тұрғын үйлердің бірін таңдаған.
АЛЕКСАНДР КУМИНОВ, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:
- Біздің үйіміз жарамсыз деп танылды. Кейін мені әкімдікке шақырды, құжаттарымды әкеліп тапсырдым. Барлығы тез, ешқандай кедергісіз атқарылды, сол үшін рахмет айтамын. Мен өмір бойы жеке үйде тұрып келдім. Қазір пәтерде жалға тұрып жатырмын. Комиссия мүшелері Солнечный-2 шағын ауданынан аумағы 80 шаршы метр болатын тұрғын үйді ұсынды.
Айта кетейік, Солнечный-2 шағын ауданындағы үйлердің алғашқы легі маусым айында тұрғындарға қолданысқа берілмек.