«Вагонник» бағбандық серіктестігі су тасқынының салдарын жою жұмыстарын жүргізуде. Жалпы Петропавлда 3 мыңнан астам саяжай үйІ зақымданды. Бұл - 29 бау-бақша қоғамы. Қазір саяжай иелері айналадағы қоқыстарды өз бетінше шығара бастады. Дегенмен, кейбір көшелерде әлі де жүріп болмайды. Осы мәселеге байланысты саяжайшылар әкімдіктің көмегіне жүгінген.


Аумақты тазалау «Вагонник» бағбандық серіктестігі саяжайшыларының бастамасымен ұйымдастырылды. Сөйтіп, олар маңайларын қоқыстан тазарту жұмыстарына кірісіп кеткен. Дегенмен, қауымдастықтың басты көшесінің жағдайы көңіл көншітпейді. Мұнда саяжай иелері өз бетімен шығара алмайтың біршама қоқыс жиналып қалған . Осы мәселені шешу үшін тұрғындар көмек сұрап қалалық әкімдікке жүгінген.


СЕРГЕЙ ТАРАБУРОВ, «ВАГОННИК» БАҒБАНДЫҚ СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Қазір біз саяжай мен қала арасындағы жолды басып қалған қоқысты шығарумен айналысып жатырмыз.Өздеріңіз көріп отырғандай,электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс мұнымен тоқтап қалмайды, алдағы уақытта да осындай қарқында жалғастырамыз.


Әкімдік саяжай тұрғындарының өтінішін назардан тыс қалдырмады. Орталық көшені тазалауға арнайы техника берді. Қазір коммуналдық қызметкерлер жұмысқа білек сыбана кіріскен.


ӘСЕМ АЙТУЛОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

- Бүгінгі таңда саяжайларда қоқыс шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл саяжай тұрғындарының сұрауы бойынша жүзеге асуда. Әкімшілік арнайы техниканы беріп жатыр. Өткен жұмадан бастап жұмыстар басталған болатын. Қазір арнай жұмыс графигі бойынша қоқыс шығарылып жатыр. Одан бөлек саяжай тұрғындары 100 АЕК көлеміндегі бір жолғы көмекті алып жатыр, сонымен қатар қазіргі таңда саяжайда тұратын, саяжайдан басқа мүлкі жоқ тұрғындардың тізімі жасалып жатыр. Оларға жаңа баспана табысталады немесе саяжайдағы үйлері қалыпқа келтіріледі.


Айта кетейік, «Вагонник» бағбандық серіктестігінде 230 үй су тасқынынан зардап шекті. Олардың иелеріне құрылыс материалдары түрінде көмек көрсетіледі.