Өңірде қоғамдық штаб жұмыс істеп жатыр. Мақсаты – тасқын судан зардап шеккендерге ақпараттық көмек беру. Тұрғындармен кездесуде депутаттар, қоғам және әкімдік өкілдері тиесілі өтемақыны қалай алуға болатындығы туралы ақпарат береді. Жалпы осы күнге дейін облыстың 2 мыңға жуық тұрғыны бірреттік көмек және материалдық шығынның орнын толтыруға арналған өтемақыға өтініш берген.


Петропавлдағы №32 орта мектепте орналасқан эвакуациялық пунктте қазір 31 адам тұрып жатыр. Қалалық мәслихаттың депутаты Зәкіржан Мамлютов табиғи апат салдарынан баспанасыз қалғандарды жақсы түсінеді. Өйткені оның да Мичурино елді мекеніндегі үйі су астында қалды. Айтуынша, мұндай қиын жағдайды бірліктің арқасында жеңіп шығуға болады. Әрі мемлекет те келген шығынның орнын толтырмақ. Эвакопунктте күндіз зейнеткерлер ғана бар, қалғандары жұмыста. Ольга Сафронова да отағасымен үйінен айырылды. Көпшіліктің қолдауы оларға күш берген.


ОЛЬГА САФРОНОВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

Ең бастысы аманбыз. Ал қалғанының орны толады. Қазір құжаттарымызды жинап жатырмыз. Кеше банкке апарып әкелді. ХҚКО келді, бірақ әлі құжаттарым толық емес. 


Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, 16 сәуір күні су тасқынынан зардап шеккендерден 950-ден астам өтініш түскен. Осылайша қазір екі бағыт бойынша – бірреттік көмек және материалдық шығынның орнын толтыруға арналған өтемақыға 1949 өтініш қабылданды. Бұдан бөлек Петропавлдың 100-ге жуық тұрғыны несиелерінің қайтарым мерзімін шегеруді сұраған.


ДАНИЯР АСЫЛБЕКОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

- Бүгін таңертеңнен бері тағы 138 адам шығынның орнын толтыруға, 139-ы – бірреттік төлем алуға және 10 тұрғын несие төлеу уақытын кейінге қалдыруға өтініш беріп кетті. Жұмыс жүріп жатыр. Төтенше жағдайлар басқармасы қазір зардап шеккендердің тізімін әзірлеп жатыр. Осыдан кейін әлеуметтік көмек көрсетіледі. Ал су кеткеннен кейін комиссия жұмыс істеп, шығын мөлшері анықталады.


Өтінішті Петропавлда Театр көшесі, 36 мекенжайына келіп жазуға болады. Халыққа қызмет көрсету орталығының, банкттердің мамандары бір жерде отыр. Жұмыс уақыты таңғы сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін.