Петропавлда «Мейрам» балалар киностудиясы «Кездейсоқ бақыт» қысқа метражды фильмІнің түсірілімін бастады. Бұған дейін өңірімізде «Теңге» және «Каникулы» атты фильмдері таспаланған болатын. Отандық кино әлеміне осыдан тура 10 жыл бұрын қадам басқан киностудия қоржынында 2000 мыңнан астам кино туынды бар.
АЛМАГҮЛ ТАСТАНОВА, ТІЛШІ
Ұлттық тәрбие-ұлт болып ұйысудың, ел болып ертеңге нық қадам басудың негізі болмақ. Ал тәрбие тал бесіктен басталады. Бүгін «Мейрам» балалар киностудиясы отбасылық құндылықтарды дәріптейтін «Кездейсоқ бақыт» киносының алғашқы түсірілімін бастады.
Үлкендер «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп бекер айтпаса керек. Ерлі зайыпты некеге тұрған соң шаңырақты шайқалтпай, береке бірлікте ұстау үлкен жауапкершілік. Қазақстан әлемдік тәжірибеде ажырасу бойынша көш бастап тұр. Ресми дерекке сүйенер болсақ, 105 мемлекеттің ішінен 2-ші орынға табан тіреді. «Кездейсоқ бақыт» киносының сценарий авторы Гүлжамал Райымқұлова айтулы проблеманы сюжет желісінде қозғап, мәселеге бей-жай қарамауға шақырады.
НҰРЛАН ЖҰМАДИЛЛАЕВ, РЕЖИССЕР:
- Бұл өмірде ешқашан үмітіңді жоғалтуға болмайды. Енді әркімнің тағдыры әртүрлі. Бізде енді негізгі кейіпкеріміз Дина деген келіншектің тағдырынан ары қарай тарайтын фильм негізінде. Жалғыз басты ана екі баласымен қалып қойған. Дейтұрғанмен тең теңімен тезек қабымен дейді бұл өмірде әр адамға өзінің жаңағыдай адамы жолығады.
Кино әлеміне тұңғыш қадам басқан Елдана Біржанның бұл алғашқы жобасы. Осыдан екі ай бұрын кастингке қатысып, үздіктердің қатарынан көрді. Бүгін фильмде басты рөлді сомдайды. Жас актриса комедия жанрын жақсы көреді. Ал өнерде әртіс Дариға Бадықованы үлгі тұтады. Елдана болашақта танымал актриса болуды армандайды.
ЕЛДАНА БІРЖАН, ЖАС АКТРИСА:
- Мен бұл кинода Дина деген кейіпкердің қызы болып ойнаймын. Сол кинода да алтыншы сынып оқушысымын. Және екі жасты үйлендіргім келеді. Біздің дайындығымыз өте қатты күшейген. Біз бір ай дайындалғандықтан бізді профессионалды әртіс дайындаған.
«Кездейсоқ бақыт» фильмінде жалпы 11 актер рөлдерді сомдайды. Оның 6 негізгі кейіпкер. Қысқа метражды туындының көрсетілімі мамыр айының басында өткізіледі деп жоспарланып отыр.
Алмагүл Тастанова