Петропавлдағы «Айна-Көз» медициналық орталығы өзінің 25 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті. Іс-шараға Ресейден де арнайы қонақтар келген. Жалпы, емдеу мекемесі 1999 жылдың наурыз айында ашылған. Бүгінде орталықта 40-тан астам маман жұмыс істейді.


«Айна-Көз» көз орталығы көру қабілеті нашарлаған жандарға қайта көру қабілетін сыйлайды. Емдеу мекемесі толығымен заманауи қондырғылармен жабдықталған. Орталықтың негізін офтальмология саласында 45 жыл еңбек еткен Любовь Леонтьева қалаған. Бүгінде бұл істі оның балалары жалғастырып жатыр.


ОЛЕСЯ ЛЕОНТЬЕВА, «АЙНА-КӨЗ» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

- Анам емдеу орталығын ашқан кезде 90-жылдар болды. Алғашқы жұмысымызды 2 қалалық емханада 150 шаршы метрлік жерді жалдап бастадық. Ота жасадық. Ол кезде бізде 2 палата, 1 ота бөлімі және қабылдау кабинеті болды. Кейін 4 қалалық емханаға ауыстық. Несие алып, ісімізді дамыта бастадық.


Мекемеге науқастар еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті шетелден де келіп емделеді. «Айна-Көз» орталығында күніне 70-ке жуық адам амбулаториялық емханалық көмекке жүгінеді.Ал, бір күнде 25-тен астам хирургиялық және 15-ке жуық лазерлік ота жасалады.


АЛЕКСАНДР КАЗАНЦЕВ, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Мен «Айна-Көз» көз орталығын досым арқылы білдім. Келіп, тексерілуді жөн көрдім. Осыдан 3 ай бұрын толық қаралдым. Сосын көзімде ақау бар екенін білдім. Кейін көздің шырышты қабағын ауыстыратын ота жасаттым. Ота сәтті өтті. Мұнда тек білікті, өз ісінің мамандары жұмыс істейді. Орталықты мерейтойымен құттықтаймын. Істері жемісті болсын.


Айта кетейік, былтыр орталықтың тәуліктік станционарында 599 адам жатқызылса, күндізгі станционарда 1200-жуық адам ем алған. Жалпы, емханаға 10 мыңға жуық өңір тұрғыны жүгінген. 2023 жылдан бастап «Айна-Көз» көз орталығында көзге лазерлік түзету отасы жасала бастады. Емхана басшылығы оған арнайы құрал жабдықтарды сатып алған. Былтырдың өзінде 400-ден астам өңір тұрғыны көзіне операция жасатқан.