Облыстық қоғамдық кеңесте 2024 жылғы бюджет нақтыланды. 11 млрд теңгенің басым бөлігі құрылыс және білім, жол-көлік саласына жұмсалмақ. Сондай-ақ, биыл өңірде 20 медициналық пункт бой көтереді деп жоспарланған. Құрылыс жұмыстарына 300 млннан астам теңге бөлінбек.


Қоғамдық кеңес мүшелерінің талқысына түскен сұрақтардың бірі – бюджетті нақтылау. Қомақты қаражаттың қайда жұмсалатыны анықталды. Білім беру саласына 1,5 млрд теңгеден артық ақша бөлінбек. Бұл қаражаттың 230 млн теңгесіне Уәлиханов ауданы Қайрат ауылындағы мектеп күрделі жөндеуден өтеді. 53,8 млн теңгесіне Бидайық пен М. Жұмабаев атындағы ІТ мектеп лицейін жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал ең көп сома қатты отынмен жағылатын қазандықтарды орнатуға жұмсалады. Оған 1 млрд 26 млн теңге бөлініп отыр.


НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, СҚО ҚАРЖЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Білім саласына 1 млрд 578,7 млн теңге, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына 52,2 млн бөлінеді. Ал мәдениет және тілдерді дамыту, архив басқармасына 850 млннан астам теңге қарастырылып отыр.


Сондай-ақ, облыстың сәулет және қала құрылысы саласына 2 796,9 млн теңге бөлу жоспарланған. Бұл соманың 400 млннан астам теңгесі денсаулық сақтау, ал 500 млн теңгеге жуығы білім саласына бөлінбек. Қаржының белгілі бір бөлігін көпқабатты үйлердің құрылыс жұмыстарына бағыттау да көзделіп отыр.


НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, СҚО ҚАРЖЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Ботай археологиялық ескерткішінің құрылысына 154 млн теңге бөлу жоспарланған. Ал Қарасай-Ағынтай батырлардың мемориалдық кешенінің ғылыми-реставрациялау жұмыстарын рәсімдеуге үш жарым млн теңге жұмсалмақ. Облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасы да назардан тыс қалмайды, оған 170 млн теңгеге жуық қаражат қарастырылған. 500 млн теңге елді мекендердегі спорттық нысандардың, соның ішінде үстел теннисі орталығы мен хоккей кортының құрылысына бөлінеді.


Сондай-ақ, жиналғандар жерлеу және қабірлерді қарап-күту жұмыстарын да талқылады. Себебі бұл іске қарасты қағидаларға жақында біршама өзгеріс енгізілмек.