Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Есіл ауданында болды. Аймақ басшысы ауданның бірнеше ауылын аралап, атқарылып жатқан жұмыспен танысып қайтты. Тақырыпты арна тілшісі тарқатып айтады.


 Аймақ басшысы алдымен Есіл ауданында салынып жатқан асфальтбетон зауытының құрылыс барысымен танысты. Нысанның құрылысы 2023 жылдың желтоқсанында бастау алған, биыл мамыр айында тапсырылады деп жоспарланып отыр. Зауытта ірі түйіршікті, ұсақ түйіршікті және қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетон жасалып шығарылмақ. Ауқымды жобаға 800 млн теңге инвестиция құйылды. Іске «Қызлжар Жолдары KZ» ЖШС жауапты. Мердігер ұйым республикалық маңызы бар жолдарды да қалыпқа келтірмек.


Ерден Шортыбаев, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшының орынбасары:

-  «Бұл мердігер ұйым 3 республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуден өткізеді. Бұл Покровка мен Николаевканың арасындағы Жезқазған-Петропавл автожолы, Мамлютка-Қостанай және Булаев-Рощинское арасындағы жолдар қалыпқа келтіріледі. Сондай-ақ, Волошинка ауылындағы жолдар да жөндеуден өтеді деп жоспарланып отыр».


Бұдан соң, облыс басшысы ауданда су тасқынын болдырмау мақсатында атқарылып жатқан жұмыспен танысты. Есіл ауданының аумағында 8 елді-мекенде су тасқыны болу қаупі бар. Бүгінгі таңда аудан жолдарында қарды тазартуға, әкетуге және қар ұстайтын траншеяларды орнатуға 27,3 млн.теңге бөлініп отыр. Явленка ауылының жолдарын қысқы күтіп ұстауға 9,5 млн.теңге, қарды тиеуге және әкетуге 10 млн.теңге бөлінген.


 Жұлдыз Есенғазин, Есіл ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы:

-  «Су тасқынын болдырмау үшін жергілікті атқарушы органдар тұрақты негізде қар шығаруда. Қазіргі уақытта Есіл ауданының аумағынан 43 мың текше метр қар шығарылды. 120 су өткізгіш құбыр тазартылды, 5000 мың текше қап дайындалды, сондай-ақ, қосымша 6 мотопомпа сатып алынды, бұдан басқа, ауылдық округтерде тағы 12 мотопомпалар бар. Су тасқынына 63 инженерлік техника қосылады. Жағдайды бақылауда ұстаудамыз».


Аймақ басшысы аралаған келесі нысан Покровка ауылында орналасқан Жәлел Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжі. 1 ғасырлық тарихы бар оқу орны былтыр ғана 100 жылдығын атап өткен болатын. Білім ордасында облыстың түрлі аудандарынан 9 мамандық бойынша 564 студент білім алуда.


Бейімбет Бұғасов, Ж. Қизатов атындағы ауыл шаруашылығы жоғары колледжінің директоры:

- «Оның ішінде күндізгі бөлімде 416 бала, сырттай оқу бөлімінде 148 адам. Оқу процессі жоспар бойынша жүріп жатыр.  мал дәрігері, агроном, ауыл шаруашылығын механикаландыру, орманшы, есепші, аспаз, дәнекерлеуші. Нағыз ауыл шаруашығына керек мамандар».


Оқу ордасында студенттер үшін бар жағдай жасалған. Колледжге «Жас маман» жобасы аясында 321 млн теңге бөлініп, оқу ордасында материалдық-техникалық база нығая түсті. Заман талабына сай жабдықталған кабинеттер, әдебиет қоры бай кітапхана, лэд экраны бар үлкен акт залы мен тәжірибені шыңдауға арналған құралдардың барлығы бар. Олардың қатарында John Deere тракторы іспеттес жасалған құрылғы да бар.


 «- Вы по этой полосе едете, да? – Да. - На какой скорости едете? -Восемь. -Восьмая, да».


Колледжде шағын сүт зауыты да бар. Мұнда тәулігіне 500 литр сүт өңделіп шығарылады. Осылайша, студенттер жұмыс процессіне араласып, бар білімдерін тәжірибеде көрсете алады. Кейін облыс әкімі ауданның 8 ауылын жалғайтын «Покровка-Ильинка-Мектеп» жолындағы күрделі жөндеу барысымен танысты. Жоба құны 1,3 млрд теңге. Бүгінгі таңда оның 652 млн-ы игерілген. Мердігер ұйым автожолдың 10 шақырымын фрезерлеу бойынша жұмыс жүргізген, кіреберістерде су өткізгіш құбырлар мен негізгі жолда екі құбыр орнатылды. Аудан тұрғындары өткір мәселенің шешілгенін айтып алғыстарын білдіруде.


Ольга Горошко, Александровка елді мекенінің тұрғыны:

-  «Істі тез арада қолға алғандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Біздің мәселені бірден бақылауға алдыңыздар. Көктем келе жатыр, су тасқыны болып, жолды шайып кетеді деп енді уайымдамаймыз. Кез-келген уақытта аруханаға не болмаса қалаға өз шаруаларымызбен шығып кете аламыз».


Жолды жөндеуге «Петропавл Жолдары» ЖШС жауапты. Барлық іс биылғы жылы тындырылады деп жоспарланып отыр.