Тәжірибе алмасу - мұғалім үшін кәсіби қажеттілік. Осы орайда Қостанай қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагогтары жұмыс сапарымен Петропавлға келді. Қостанайлық ұстаздар әр әдістемелік бірлестіктің жұмысымен, оқушылардың тың жобаларымен егжей-тегжейлі танысты. Сондай-ақ олар Lesson Study және Action Research аясында жүргізілген зерттеулер бойынша постер-сессияға қатысып, мол тәжірибе жинақтады.
Іс-сапар барысында қонақтар дербес білім беру ұйымының горизонталды жоспарлау, цифрлық мектеп сынды тың жобаларымен танысып, оның мүмкіндігін байқады. Оларды әсіресе, мектепті басқару ісінде қолданылатын цифрлық білім беру ресурстарын пайдалану әдісі қызықтырды.
РАШИТ ТӘТТІМБЕКОВ, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Біз үшін қызық болған нәрсе – «Горизонталды» жоспарлау. Бәріміз де оны іске асырып жатырмыз. Бірақ бұл мектепте ерекшелік бар екен. Оны өз тәжірибемізде қолдану үшін өзімізге түртіп алдық. Болашақта қалай оны іске асыратынымызды. Одан барып ғылыми әдістемелік жөніндегі бағыты бойынша бірқатар жұмыстарды талқыладық, салыстырдық.
Петропавлдық NIS-тің мұғалімдерімен тәжірибе алмасуды мақсат етіп келген қостанайлық ұстаздың бірі - Назарбай Тұрлыбаев. Оған 10-12 сыныптарды химия пәні бойынша емтиханға дайындау тәсілі ерекше ұнаған. Сондай-ақ бұл тиімді тәсілді ол болашақта өз тәжірибесінде қолданбақ.
НАЗАРБАЙ ТҰЛЫБАЕВ, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІ ХИМИЯ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:
Бөлісетін дүниелер бар, әрине. Әсіресе, 12 сыныптарды емтиханға дайындау барысында, 1 компонент бойынша, 2 компонент бойынша. Негізгі керек тұстарын өзімізге алып алдық. Яғни бөлісу арқылы өзіміздің оқушыларымыздың білім сапасын арттыра аламыз деп ойлаймын.
Айта кетейік, петропавлдық ұстаздар Қостанай қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне қараша айында іс сапармен барған болатын. Алдағы уақытта екі білім ордасының, сондай-ақ тірек мектептердің қатысуымен ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылмақ. Онда 7 бағыт бойынша көкейкесті мәселелер талқыланбақ.