Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда бірқатар нысанды аралады. Өңір басшысы әлеуметтік нысандардың жұмысын көрiп, жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.


 Өңір басшысы алдымен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданың Рузаевка ауылында дәрігерлік амбулаторияны көрді. Нысанның төбесіне 2023 жылы жөндеу жұмысы жүргізілген. Қазіргі уақытта ғимараттың сыртын қаптаудың жобалық-сметалық құжаттары бар. Медициналық мекемеде 5 дәрігер жұмыс істейді. Маман тапшылығы жоқ.


Сондай-ақ облыс әкімі жергілікті мәдениет үйін аралап, нысанның жұмысымен танысты. Ғимаратта демалыс бөлмелері мен кітапхана бар. Жалпы, қорында 12,5 мыңға жуық кiтап бар. Бұдан бөлек, мұндағы жас жеткіншектер де шетінен өнерлі, Олар әлеуметтік желіде өздерінің аспаздық блогын үздіксіз жүргізіп отырады.


ЛЮДМИЛА ЕМЕЛЬЯНОВА, ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ БАСШЫСЫ:

- Мәдениет үйінде мерекелелік іс-шараларды өткізуге арналған орындар жетерлік. Бұл алаң 8 наурыз мерекесіне лайықтап безендірілгендіктен, ол өзгертілмей, сол қалпында қалады. Содан кейін Наурыз мейрамына дайындық жүргіземіз.


Ал «Тұқым» ЖШС-нің өкілдері ғимаратты қайта жөндеуден өткізіп, 200 орындық мейрамхана ашты. Нысанның екінші қабатында күрес алаңы мен спорт зал бар. Сонымен қатар, ғимаратта наубайхана да жұмыс істейді. Мұнда нанның 14 түрі пісіріледі.


ДУМАН ЕЛЖАНОВ, «ТҰҚЫМ» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

- Бұл наубайхана 10 шақты ауылға қызмет көрсетеді. Мұндағы халық саны шамамен 6 мыңдай адам. Сондай-ақ наубайханада пісірілетін нан өнімінің сапасы көңіл көншітерлік. Біз жұмысымыз алға басу үшін итальяндық құрал-жабдықтарды сатып алып, арнайы мамандарды шақырдық. Қазір бүкіл ауданды нанмен қамтып отырмыз.


Нежинка ауылындағы «Нежинка Ерке» ЖШС балансында бірнеше мекеме бар. «Солнышко» балабақшасында 42 бала тәрбиеленіп жатыр. Жергілікті мәдениет үйінде шығармашылық ұжымдар меркелік концерттер өткізеді. Өткен жылы ғимаратқа жаңа терезелер орнатылған. Қолданыстағы мал шаруашылығы кешені аумағында серіктестік 600 басқа арналған сүт фермасының құрылысын бастауды жоспарлап отыр.


ҚУАТ БАТЫҚОВ, «НЕЖИНКА ЕРКЕ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

- Біз шаруашылығымызды кеңейтпекпіз. Ол үшін арнайы орынды да таңдап қойдық. Ол 432 басқа арналмақ. Сауын блогы да болады. Израильден құрылғылар алмақшымыз. Осы жылға келісім-шарт жасалып қойған.


Сондай-ақ облыс әкімі «Будённое СК» ЖШС 1200 басқа арналған сүт-тауарлы фермасының құрылыс барысымен танысты. Жобаның құны шамамен 7 миллиард теңге. Ферма – жылына 10 мың тоннадан астам сүт өндіруге қауқарлы . Жобаны толығымен 2025 жылы жүзеге асыру жоспарланған.


МУСТАФА ГУЛИЕВ, “БУДЕННОЕ-СК” ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

- Мұнда мал азығын өсiруге арналған 2500 гектар жеріміз бар. 1500 -не жүгері және 50 гектарына дәнді дақыл себеміз деп жоспарлап отырмыз. 


Новоишимское ауылында кәріз желілері мен тазарту құрылымының құрылысы аяқталуда. Айта кетейік бұл жұмыс 2018 жылы басталған болатын.


 НИКОЛАЙ ФОМИН, «CASPIAN CONTRACTORS TRUST» ЖШС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

- Тазалаудың 4 негізгі кезеңі бар. Ең бірінші күрделі тазалау жұмыстары жүргізіледі. Екініші биологиялық. Үшінші химиялық содан кейін ультракүлгін сәуле арқылы барлығын тазалайды. .


Жобада сондай-ақ кәріздік сорғы станцияларының құрылысы қарастырылған. Қазіргі уақытта техникалық құрал-жабдықтарды іске қосу үшін барлығы дайын, дейді кәсіпорын директоры.


Аружан Сәкен