Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс бабымен Уәлиханов ауданында болды. Кішкенекөл, Жасқайрат және Қайрат ауылдарына барып тұрғындармен кездесті. Қайрат ауылында тұрғындар өздерін мазалаған мәселелерді көтерді. Жолдар мен мектептерді жөндеу, қыста жолдарды күтіп-ұстау, сумен қамту және электр желілерінің тозуы сынды өзекті мәселелер айтылды. Өңір басшысы барлық мәселелерді бақылауға алып, жауапты мемлекеттік органдарға оларды шешуге тапсырма берді.


Өңір басшысы және Ақжар, Уәлиханов аудандарының әкімдері, тиісті басқарма басшылары мен серіктестік директорларының қатысуымен жедел кеңес өткізді. Жиында көктемгі су тасқынына дайындықты, Уәлиханов ауданындағы өзекті мәселелерді, соның ішінде жемшөптің жетіспеушілігін қарастырды. Нәтижиесінде жемшөппен қамтамасыз етудің жоспары жасалып, ауыл тұрғындарын шөп пен сабанмен қамту туралы шешім қабылданды. Бұл туралы облыс әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында "Қос ауданға арзандатылған бағамен шөп пен сабан тиелген алғашқы көліктер келіп жатқандығы туралы жазды.