Кибералаяқтарға алданып қалған адамдардың кейбірі полицияға жүгінбейді. Тәртіп сақшылары мұндай фактілер туралы бірден хабарлауға кеңес береді. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің дайындаған бейнематериалға назар аударайық.


 Өңір полицейлері ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыспен күреске бағытталған «Anti-fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Криминалдық полиция бөліністерінің қызметкерлері үш күн бойы ұйымдарда және адамдар көп жиналатын орындарда жадынамалар таратып, желілік алаяқтардың негізгі айла-тәсілдері туралы айтты. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері осындай кезекті түсіндіру жұмыстарымен облыстық ауруханаға келді.


Әйгерім Әшкен, Петропавл қ. ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі:

- Бүгін Петропавл қаласының прокуратурасымен бірлесіп, облыстық көпбейінді ауруханың ұжымымен кездестік. Профилактикалық әңгімелесу өткіздік. Бұл кездесудің мақсаты – халыққа интернет-алаяқтықтың ең жиі жасалатын түрлері туралы түсіндіру, олардан сақтанудың жолдарын жеткізу.


 Тәжірибе көрсеткендей, жәбірленушілердің кейбірі полицияға жүінбейді. Облыс тұрғындарымен сөйлесу кезінде және әлеуметтік желілердегі комментарийлерді тексере келе осындай 8 факті анықталған. Олардың барлығы интернеттегі хабарландырулар арқылы тауарлар сатып алу кезінде алдын ала төлем жасаумен немесе бөгде біреудің атына шағын несие ресімдеумен байланысты фактілер. Зардап шеккен жәбірленушілерді полицейлер арыз жазуға көндірді. Нәтижесінде барлық қылмыстар қысқа уақыт ішінде ашылды.


Мейіржан Махмет, СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

- Іс-шараны өткізу қорытындысы бойынша криминалдық полиция қызметкерлерімен ақпараттық технологиялар саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша OLX, Крыша, Kolesa сайттарына, ВКонтакте, Instagram әлеуметтік желілеріне күшейтілген мониторинг жүргізілді. Өткізілген іс-шаралар барысында 17 қылмыс анықталды. Оның ішінде 8-і – бұрын жасалған қылмыстар.


Шағын несие ұйымдарының қызметтерін пайдаланбайтын егде жастағы адамдар бет-әлпет арқылы фото-видео растау қажет екенін білмегендіктен жиі зардап шегеді. Қаскөйлер – көбіне туыстары мен таныстары олардың аңқаулығын пайдаланып, әр нәрсені сылтау етіп фотоға түсіреді, несиелер ресімдейді. Егер сіздерге өзіңіз алмаған әлдебір қарызды төлеуді талап ете бастаса, бірден полицияға жүгініңіз. Бұл туралы үйдегі қарияларға да ескертіңіздер. Егер интернеттегі хабарландыру үшін алдын ала төлем талап етіп, сан соқтырып кетсе де полицияға жүгіну қажет. Бұндай қылмыстар жиі ашылатын қылмыстарға жатады.