Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл тұрғындарымен кездесті. Жиында алдымен шаһар басшысы Серік Мұхамедиев 2023 жылды қорытындылап, биылға арналған қаланың жоспарымен таныстырды. Кездесуге барған әріптесім Ж.Қайыпова баяндасын.


Облыс экономикасы қарқынды өсіп келеді. Өткен жыл қорытындысы бойынша, өнеркәсіпте өсім 114,4 пайызды, инвестиция – 117,3, құрылыс – 125,6 пайызды, тұрғын үйді пайдалануға беру – 101,7 пайызды құрады. Сонымен қатар, өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің даму қарқынын сақтау үшін 551,9 млрд. теңгеге 45 инвестициялық жобадан тұратын пул құрылды, оның 11 – і биыл іске асырылады.


 ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Облыс тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында өңірде көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2 мектептің құрылысы аяқталады. Тағы 2 білім ордасын салуды жоспарлап отырмыз. Спорт саласын дамытуға да басымдық берілген. Былтыр өңірде 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 3 жабық хоккей корты, 22 футбол алаңы, 4 спорт алаңы салынды.Биылға да жоспар ауқымды.


 Былтыр облыста 305 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген. Биыл Петропавлда 20 көпқабатты тұрғын үй бой көтермек. Өңірде жылу және электр желіліренің тозуы әлі де өзекті мәселе болып отыр. Облыстағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 299,8 км құрайды. Алайда олардың 65% тозған. Электр желілерінің жалпы ұзындығы 23,5 мың км құраса, соның ішінде электр желілері «Севказэнерго» АҚ-да 87%, ал «Көкшетау Энерго» ЖШС 95 % әбден тозған.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Облыста қазіргі уақытта электр желілерінің тозуы өте өзекті мәселе болып отыр. Осы мәселелері шешу мақсатында Үкімет пен облыс әкімдігі бірлесіп, электр желілерін жаңғыртудың жол картасын әзірлеген. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша 2027 жылға дейін тозығы жеткен желілерді жаңартуға жыл сайын 4 млрд. теңге бөлінетін болады. Бүгінгі таңда 2,4 млрд теңгені құрайтын 11 жобаны әзірлеу аяқталып, 5 жоба дайындалуда. Бұл жобаларды жүзеге асыру арқылы 2027 жылға дейін электр желілерінің тозуын 95%-дан 80%-ға дейін төмендейді


Биыл облыстағы автомобиль жолдарын жөндеуге бөлінетін қаржы 7 млрд теңгеге ұлғаймақ. Яғни, жалпы 47,4 млрд теңге бөлінеді. Қаржының 15,3 млрд теңгесіне республикалық маңызы бар тас жолдар жөнделсе, қалған 32,1 млрд-қа жергілікті жолдар мен көшелер қалыпқа келтіріледі. Нәтижесінде, облыстың 826 шақырым тас жолы жақсарады. Петропавл қаласының өзінде жалпы ұзындығы 37 шақырымнан асатын 51 көшені жөндеуге бес миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінген.


 СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

-  Облыс әкімінің тапсырмасымен қиыршық тасты жолдарды асфальтбетонға көшіру бағдарламасын әзірледік. Қалада барлығы 212 осындай көше бар. Олардың жалпы ұзындығы 183,2 шақырымды құрайды. Биыл 44 көшеге асфальт төселеді. Оның 39-ында бұрын-соңды асфальт болмаған. Және 5 жылдың ішінде Петропавлдағы барлық жолдарды асфальтқа көшіруді жоспарлап отырмыз


 Петропавлда биыл 60-қа жуық аула абаттандырылады.Бұл мақсатқа бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінген. Және облыс орталығында жаңа 30 саябақ салынады. Қазір жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, орналасатын жерлері анықталған. Бұл мақсаттарға бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Оларды кәсіпкерлер салатын болды.


СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

-  Былтыр жалпы ауданы 4,3 гектарды құрайтын үш саябақ құрылысы аяқталды. Қалада бар болғаны 55 саябақ бар. Бұлардың саны биыл тағы өңір кәсіпкерлерінің қолдауымен көбеймек. Әр жобаның құны 16 миллионнан 30 миллион теңгеге дейінгі аралықты құрайды. Алаңдардың кейбіріне облыстың дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті тұлғалардың есімдері беріледі


Қалада 28 апатты және тозығы жеткен 210 көпқабатты үй бар. Қазіргі уақытта апатты жағдайдағы 28 тұрғын үйді жаңғырту бойынша арнайы бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Жол картасы әзірленген. Биыл Петропавлда 3 апатты және 18 ескі үйді сүру жоспарлап отыр. Олардың орнына жаңа үйлер салынатын болады.