Хоккейдің отаны Канадада шілде айында спортшыларға арналған арнайы жаттығу жиындары өтеді. Оған қатысу мүмкіндігі қазақстандық 27 спортшыға бұйырған. Солардың бірі петропавлдық Арлан Мәкенов. Арна тілшілері жас хоккейшімен сұхбаттасып қайтқан болатын. Әріптесім Айнұр Досанның бейнематериалында.


Петропавлдық 10 жастағы Арлан Мәкенов «Құлагер» хоккей клубының белді мүшесі. Хоккей десе ішкен асын жерге қояды. Аққайың ауданы Трудовое ауылының тумасы. Спортты жанына серік еткеніне 2 жылдан асқан.


АРЛАН МӘКЕНОВ, ХОККЕЙШІ:

- Болашақта танымал хоккейші болғым келеді. Халықаралық лигада ойнауды армандаймын. Біз байқауға қатыстық, нәтижесінде осындай жолдаманы ұтып алдық. Қуанышымда шек жоқ. Енді Канадаға барамыз. Онда тек жаттығып қана қоймай, ағылшын тілін де үйренемін.


Арлан жолдаманы ұлттық әйелдер хоккей лигасында ойнаған алғашқы қазақ қызы Бұлбұл Қартанбайдың байқауында ұтып алды. Екі аптаға созылатын жаттығу жиындарының бір аптасын кәсіби хоккейші төлеп береді. Қалған соманы жас спортшылардың өзі өтейді. Арланның жаттықтырушысы жеткіншектің болашағынан зор үміт күтеді. Баланың үздік хоккейшілер қатарынан көрінетініне сенімді.


ДАНИИЛ ИЩЕНКО, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:

- Арланның спортқа деген сүйіспеншілігі көрініп тұр. Бізде 15-16 жастағы балалардың да жаттығу жиындары жүреді. Солармен қатар келіп, ойнайды. Канадаға дайындалып, сақадай сай болып барғысы келеді. Егер сол жақта өзін жақсы көрсетсе, Арланды сондағы құрамада алып қалулары да мүмкін.


АЙНҰР ДОСАН, ТІЛШІ:

- Енді Арлан Мәкенов шілде айында Канадаға аттанады. Үйеңкі жапырақтар елінде өтетін жаттығулар қазақстандық спортшыларымыздың қабілетін одан әрі шыңдарына сенеміз.


Айнұр Досан