Театр сыны – театр өнерінің өрісін анықтар ең басты өлшем. Ал, сахна туындысының өнер мен қоғам алдындағы салмағын – тек білікті сыншы мамандар өлшей алады. Осы орайда, С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрына тәжірибе алмасу мақсатында танымал сыншылар Екатерина Морозова, Айсылу Сагитова және Сәния Қабдиева келді.


С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры 2000 жылы ашылды. Бүгінде, театр ұжымының репертуарында 60-қа жуық қойылым бар. Биыл «12 минут» және «Сараң» атты 2 жаңа спектаклдің тұсауы кесілді.


ЕКАТЕРИНА МОРОЗОВА, театр сыншысы, Ресей:

- Мен бұған дейін Қазақстанға тек фестивальдерге келдім. Ал, сыншы ретінде бұл алғашқы сапарым. Біз театр ұжымының бірнеше қойылымымен таныстық. Әрине, барлығының жанры керемет. Қазақ театры болған соң, қазақ тарихымен таныса алатыныма қуанып отырмын. Сондай-ақ, басқа өзекті тақырыптар қамтылғанына сенімдімін. Әр қойлымнан соң болатын талқылау нәтиже әкелеріне сенімдімін.


Бүгінде театр ұжымының құрамында 35 әртіс бар. Оның көпшілігі – жастар.


 АЙСЫЛУ САГИТОВА, ТЕАТР СЫНШЫСЫ БАШҚҰРСТАН:

- Қазақстан мен үшін өте ыстық. С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ-сазды драма театры жас театрлардың бірі екенін білеміз. Жас театрдың сыншыларды шақыруы- алға қарай бір қадам жасап, дамуға деген ұмтылысы деп білемін. Қазақстандық режиссер Әлібек Өмірбекұлының шығармашылығымен жақсы таныспын. Оның «12 минут» шығармасын көруге асықпын. Ал, «Шолпанның күнәсі» қойылымының видеосын көрдім. Ал, енді оны өз көзіммен көретін боламын.


Театр ұжымы осы аптада қонақтар мен көрерменнің назарына «12 минут», «Кукарача», «Жындының жазбалары» және «Шолпанның күнәсі» атты қойылымдарын ұсынатын болады.