Қалың қар, аязды қыс жабайы жануарлардың қорек табуын одан әрі қиындатты. Осы орайда облыстың аңшылық шаруашылықтарында жабайы жануарларды азықтандыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр. Солардың бірі Қызылжар ауданында орналасқан. Орманшылар жаз бойы сыпырғыштар, жемазық дайындап, орманды мекен еткен жануарлардың қыстан аман шығуына сеп болып отыр.


 «Соколовское» аңшылық шаруашылығы Қызылжар және Мамлют аудандарының аумағында орналасқан. Жалпы ауданы 150 мың гектардан асатын аумақта бұлан, қабан, елік, қоян, түлкі секілді жабайы жануарлар мекендейді. Олардың қыстан аман шығуы үшін биотехникалық іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Табиғат жанашырлары жануарлардың жағдайын қарда жүретін техникамен бақылайды.


ДМИТРИЙ ЛАВРИНЕНКО, «СОКОЛОВСКОЕ» АҢШЫЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Әсіресе, қабандарға ҚЫСТА қорек табу қиынға соғады. Биыл қар қалың, дегенмен еліктер оған қарамастан, жем іздеуге дағдыланған. Біз де қолдан келгеннің бәрін жасап, еліктерді азықпен қамтамасыз етуге барымызды салдық.Қорек ретінде оларға шөп пен сабан беріледі. Сонымен қатар жануарлар сүйсініп жейтін пішен апта сайын сайын арнайы алаңқайларға тасталады.


Айта кетейік, облыста жалпы аумағы 8 миллион гектардан асатын 47 аңшылық шаруашылығы бар, оның 42-сі шаруашылық субъектілеріне тиесілі. Қазіргі уақытта резервтік қорда 5 аңшылық алқап бар.


МИХАИЛ НИКИТИН, СҚО ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

 Биыл жануарларды қыстан аман алып шығу үшін 12 000 центнерден астам шөп, 10 000 центнерден астам астық қалдығы, 680 мың сыпырғыш, 214 центнер тұз бен жүгері дайындалды. Оның 50 пайызы берілді.


 Өткен жылғы есеп бойынша Солтүстік Қазақстан облысында 921 бас бұлан, 1600-ден астам марал, 3 мыңға жуық қабан, 20 мыңға жуық елік мекендейді.