Облыстық әкімдікте құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Күн тәртібінде екі негізгі мәселе қаралды: Құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша идеологиялық және түсіндіру жұмыстарының барысы және Кәмелетке толмағандар арасында және оларға қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Заң мен тәртіп - мемлекеттігіміздің берік тірегі. Бұл қағидатты қоғамда орнықтыру үшін барлық салалық органдар ортақ ұстаным мен бірыңғай көзқарас қалыптастыруы қажет» - деп атап өтті. Құқықтық ағарту ісінің маңызды бағыты — «Халық заңгері» акциясы. Оның аясында облыс тұрғындарына тегін заңгерлік кеңес көрсетілуде. Кітапханаларда құрылып жатқан құқықтық ақпарат орталықтары халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға елеулі үлес қосуда. Жастарға ерекше назар аударылып отыр. Біздің өңір жасанды интеллект технологияларын белсенді түрде енгізіп жатқан алғашқы өңірлердің бірі. Жасөспірімдер қылмысының алдын алу мақсатында «Protector AI» жүйесі 14 мектепке орнатылған, жыл соңына дейін тағы 24 мектепке енгізілмек. Сонымен қатар, психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді, жасөспірімдерге анонимді әрі шұғыл көмек көрсететін Telegram-боттар іске қосылған. Бұл шаралар алғашқы оң нәтижелерін беруде — әсіресе, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтар саны азайып келеді. Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі нақты тапсырмалар берді: аудандық деңгейдегі ведомствоаралық комиссиялардың жұмысын күшейту, идеологиялық және құқықтық жұмысты барлық деңгейде үйлестіруді арттыру, құқықбұзушылықтардың алдын алу саласында заманауи технологияларды енгізу және белсенді пайдалануды жалғастыру.