Бүгін 15-ақпанда - Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толды. Осыған орай, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада «Ауғанстан; Ұмытуға хақың жоқ!» атты іс-шара өтті.
10 жылға созылған Ауған соғысына 1500-ден астам солтүстікқазақстандық қатысқан. Оның ішінде, 46 жерлесіміз сол жақта өлім құшты. Қазіргі уақытта 600-ге жуық ардагердің көзі тірі. Ауған соғысына қатысқанда Қажымұрат Нұрмұқанов 18 жаста ғана екен.
ҚАЖЫМҰРАТ НҰРМҰҚАНОВ, АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:
- Солтүстік Қазақстан облысының тумасымын. 1984 жылы әскерге шақырылып, қалалық военкоматтан әскерге бардым. Ауғанстанның алдында дайындық жасадық Қырғызстанда болдық. Кейін одан Ауғанның Джалабат деген қаласында болып, ауған соғысына қатысқанмын. 1986 жылы елге оралдық. әрине, ауған соғысы 10 жылға созылды ғой. Қаншама жас жігіт қаза тапты. Қиыншылық болды. Соғыстың аты соғыс.
Іс-шараға Ұлттық Ұлан Академиясының курсанттары да қатысты. 2 курста оқитын Диас Омаровтың сөзінше, ардагерлердің ерлігі- ұрпаққа үлгі.
ДИАС ОМАРОВ, КУРСАНТ:
- Бұл өткізіліп жатқан іс-шараның маңызы өте зор деп ойлаймын. Осы кісілердің арқасында, олардың жасаған ерліктерінің арқасында – біздің Отанға деген сүйіспеншілік сезіміміз артады деген ойдамын. Алла жазса, бізде сол кісілер секілді нағыз патриот, елінінің жанашыры боламыз.
Салтанатты іс-шарада барлығы 10-ға жуық ардагер марапатталды.