Ұлттық құндылықтарды жас ұрпақ бойына сіңіруде өңірімізде бірқатар жұмыс жүргізілуде. Мәселен Петропавлдағы Ә.Бөкейхан атындағы №25 орта мектеп ұстаздары мен оқушылары әр жұма сайын ұлттық нақышта киінеді. Осылайша білім ордасының ұжымы Отансүйгіштік сезімді, ұлтты құрмет тұту, салт-дәстүрді қадірлеу сияқты қағидаларды балалар арасында насихаттап жатыр.


 Мектептегі барлық сынып бүгіннен бастап әр аптаның жұма күні қазақша киініп жүруді қолға алды. Тек балалар ғана емес, мұғалімдер де бұл күні ұлттық замануи этно-стильде киініп, әшекей-бұйымдар тағып келеді.


ЖАДЫРА ЗҰЛҚАРНАЕВА, Ә.Бөкейхан атындағы №25 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

- Ә.Бөкейхан атындағы №25 жалпы білім беретін орта мектебінің оқу- тәрбие ісі жөніндегі орынбасарымын. 

Ел Президенті Қ.К.Тоқаев ұлттық киім кию мәдениетіміздің жарқын көрінісі деп айтқан болатын. Ұлттық киімді тек қана наурыз мейрамында емес ұдайы киіп тұрса өте керемет және сөзсіз ұлттық киімді дәріптеудегі жарқын бейнесі болады деген болатын.


Осы орайда 1-сыныптың ата-аналары ұйымдасып мектеп формасына сай қазақша стильдегі киімдер тіктірген. Сондай-ақ, енді оқушылар жұма күнгі сабақтарын патриоттық әнмен бастайтын болады..

      

ЭЛЬНАЗ НАҒАШЫБАЙ, ОҚУШЫ:

- Мен, Нағашыбай Эльназ, 1 «Б» сынып оқушысымын. Мынау киім маған ұнайды. Мен осы киімді күнде киюге жақсы көремін. Біз мынау киімдерді сыныптастарыммен.  Жұма күні киеміз


 Бұл бастама - ұлттық идеологияны қалыптастыру, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу мен оны жастардың санасына сіңіруде қолға алынған жарқын бастама. Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ұлттық мәдениетті нығайту керектігін айтқан еді.


ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:

- "Ұлттық мәдениет дегеніміз бұл – мағынасы терең, көпқырлы ұғым. Халқымыздың төл мәдениеті салт-дәстүрден, әдет-ғұрыптан бастау алады. Ұлттық киімнің өзі – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Сондықтан ұл-қыздарымыз ұлттық киімді Наурыз мейрамында я болмаса басқа мерекелерде жиі киіп жүрсе, керемет болар еді. Тек мерекеде емес, ұдайы киіп жүрсе де, жарасымды болатыны сөзсіз. Жалпы ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты".


 Ұстаздардың пікірінше ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді ұлықтау мектеп қабарғасынан басталады. Жалпы, айта кеткен жөн Ә.Бөкейхан атындағы №25 білім ордасында 60-қа жуық мұғалім жұмыс істейді. 630-дан астам оқушы білім алады.