2 ақпан – ұлт журналистикасы үшін атаулы күн. Дәл осы күні халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, Алаштың алдаспанына айналған «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі шыққан еді. 12 бағыт бойынша ұлттық идеяны насихаттаған басылым жарық көрген күннен бастап «Қазақтың тарихы», «Дін таласы», «Жер іздеген қазақтар», «Ұры тию» сынды халықтың көкейінде жүрген ең өзекті мәселелерді қаузады.


Тарихқа көз жүгіртсек, 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап халыққа жол тартқан «Қазақ» газетінің 1918 жылға дейін 266 нөмірі жарық көріп үлгерген. Басылымның таралымы 8000-ға дейін жеткен себебі, оны тіпті Ресей, Қытай қазақтары тапсырыс беріп, алдыртып оқыған. Газеттің бірінші редакторы Ахмет Байтұрсынов, оның жауапты хатшысы Міржақып Дулатов болғанымен, белді басылымның жарыққа шығуы Әлихан Бөкейханның идеясы болды дейді, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, Зарқын Тайшыбай.


ЗАРҚЫН ТАЙШЫБАЙ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, М.ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СҚУ ПРОФЕССОРЫ:

- Тәуелсіздік алғаннан бері айтып келе жатырмыз, Алаш идеясы, Алашорда үкіметі, алаш партиясы туралы деректің бәрі тек қана осы «Қазақ» газетімен байланысты. «Қазақ» газетінің бетінде Әлихан Бөкейхановтың, Міржақып Дулатовтың, Ахмет Байтұрсыновтың мақалалары шыққан. Қазақтың бас ақыны деген Абай туралы Ахмет Байтұрсыновтың мақаласы осы газеттің бетіне шыққан.


 Профессор Зарқын Тайшыбайдың айтуынша, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің басталуы жайлы мәліметтер осы газеттің бетінде жарияланған. Онымен қоса, 1917 жылы өткен бірінші және екінші жалпықазақ съезі туралы барлық құнды дерек басылған.


ЗАРҚЫН ТАЙШЫБАЙ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, М.ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СҚУ ПРОФЕССОРЫ:

Нағыз қазақ баспасөзінің тарихын «Қазақ» баспасөзінен бастау керек. «Қазақ» газеті шыққан күн – қазақтың көзі ашылған күн, азаттықты жариялаған күн. Бостандық, тәуелсіздік деген ұғымдар ең алғаш осы «Қазақ» газетінің бетіне шыққан. Алашорданың біз қадір тұтатын, мақтан тұтатын жағдайлардың бәрі осы газеттің бетінде жарияланған.


Қазақ газеті алаш идеясының, тәуелсіздік ұғымының ту ұстаушысы, қазақтың көзін ашқан газет, дейді профессор Зарқын Тайшыбай. Расында, «Қазақ» газеті алғаш жарық көрген күннен бастап Алаштың мәдени, саяси өміріне бес жыл бойы қызмет етті.