Облыста өңірдің аграрлық және өнеркәсіптік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінеді. Әсіресе ауыл-аймақтардағы жағдай басты назарда. 400-ден астам тұрғыны бар Мағжан ауылдық округінің кәсіпкерлері ауыл шаруашылығын жаңғыртып, енді елді-мекеннің әлеуметтік жағдайын жақсартуға білек сыбана кіріскен.
«Қызылжар МТС Агро» ЖШС Мағжан Жұмабаев ауданы Жастар ауылында орналасқан. Кәсіпорын 2022 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жақында серіктестікке голштино-фриз тұқымды ірі қара малдың 620 басы әкелінген. Сауын сиырлар күніне орташа есеппен 30-32 литр сүт береді. Кейін өнім сүт зауытқа жөнелтіледі.
ВАЛЕРИЙ НОВИЦКИЙ, «АГРО МТС ҚЫЗЫЛЖАР» ЖШС СҮТ-ТАУАР ФЕРМАСЫНЫҢ БАСҚАРУШЫСЫ:
- Сиырлардың 97 пайызы төлдеді. Әкелген ірі қара малдың 30-ы бұқа болатын. Бәрі өсіп, көбейіп жатыр. Біздегі жемазық базасы да жақсы. Бір малға күніне орташа есеппен 12-13 келі жем береміз.
Серіктестікте 37 адам еңбек етеді. Орташа еңбекақы – 264 мың теңге. Нұржан Тоқбаев кәсіпорын құрылғалы бері осында зоотехник болып жұмыс істейді. Қызметкер сауын сиырларының дұрыс жемделуін қадағалайды. Кейін бар деректі арнайы бағдарламаға енгізеді.
НҰРЖАН ТОҚБАЕВ, «ҚЫЗЫЛЖАР МТС АГРО» ЖШС ЗООТЕХНИГІ:
- Еңбекақымыз жақсы. 350 мың теңге. Уақытында аламыз. Әр айдың 10-ы күні береді. Ал күзде пайымды астықпен аламын.
Серіктестікте 458 акционер бар. Дивидендтер екі жолмен беріледі. Биыл бір пай үшін 40-60 мың теңге аралығында төленген.
- Пайды береді. Осында 40 жыл тұрамыз. Жолдасымыз екеуіміз. Ауылға міне су өткізді. Жанның рахаты. Малды суарамыз. Жұмыс бар. Еңбекақы уақытылы төленеді.
Кәсіпорын ауылдың дамуына да зор үлес қосып отыр. Осыған дейін тұрғындар ұялы байланыс пен интернеттің сапасыздығына жиі шағымданатын. Бүгінде бұл мәселе де шешімін тапқан.
ТЕМІРБОЛАТ ТЕМІРХАНОВ, МАҒЖАН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
- «Қызылжар МТС Агро» ЖШС-нің қаражатына байланыс мұнарасы орнатылды. Радиусы 5 км-ді қамтиды. Жалпы құрылыс жұмыстарына 6 млн теңге жұмсалды. Сондай-ақ, кәсіпорын ауылдағы әлеуметтік нысан құрылысына да көмектеседі. Мәселен өткен жылы серіктестік есебінен жергілікті мектептегі дәретханалар жөнделді. Фаптағы шатыр ауыстырылды.
Келер жылы «Қызылжар МТС Агро» серіктестігі ірі қара санын көбейтіп, шаруа қожалығын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Адилия Кушекова