Облыста 0-18 жас аралығындағы 817 бала туа біткен жүрек ақаулары бойынша есепте тұр. Бірақ, оларға консультативтік көмекті Астана қаласының ғылыми медицина орталығынан келген кардиохирург мамандар береді. Себебі, өңірде балалардың кардиохирургы жоқ. Елордалық дәрігерлер қазір облыстық балалар ауруханасында қабылдау жүргізіп жатыр.


Туа біткен жүрек ақауы өте күрделі процесс. Бұл ауруды қазір нәресте анасының құрсағында жатқанда арнайы УЗИ арқылы анықтауға болады. Жүрек ақауы тұқым қуалауы мүмкін. Және егер әйел адам жүктілік кезінде қандай да бір аурумен ауырып, антибиотик қабылдаған болса соның зияны балаға әсер ету мүмкін дейді мамандар. Сонымен қатар, экология мен дұрыс тамақтанбау да әсер етіп, туа біткен жүрек ақауларына әкелуі ықтимал.


РИНАТ МАЙОРОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ҒЫЛЫМИ МЕДИЦИНА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ КАРДИОХИРУРГЫ:

- «Туа біткен жүрек ақауларының бірнеше түрі болады. Кейбіріне туғанда осы диагноз қойылып, кейінен жазылып кетуі мүмкін. Яғни, бұл жеңіл түрі. Ал егер ауыр түрі болса оған міндетті түрде ота жасалуы керек. Бірақ, осы ауру бойынша есепке тұрған әр бала кардиологтың бақылауында болады»


 Жалпы, елімізде туа біткен жүрек ақауы ерте кезеңде анықталады. Сол себепті де, дәрігерлер уақтылы емдеуге кірісіп, аурудың алдын алады. Өңірге іс-сапармен келген Астаналық мамандар екі күннен бері қабылдау жүргізіп жатыр. Бір күннің өзінде 80-нен астам баланы тексерген.


 РИНАТ МАЙОРОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ҒЫЛЫМИ МЕДИЦИНА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ КАРДИОХИРУРГЫ:

- Біз аурудың дәрежесіне қараймыз. Егер баланың жағдайы ауыр болса Астана қаласына жолдама береміз де, сол жақта емдеп, ота жасаймыз. Ал егер жағдайы қалыпты болса, кардиологтың бақылауына болуы керек екенін айтамыз. Алайда, бұл ата-аналарға психологиялық жағынан ауыр тиеді. Баласына ота жасатқан ана емдеу процесі қалай өтетінін біледі. Және олар сабырлылық танытады. Ал, кардиологтың бақылауында есепте тұрған балалардың ата-аналардың бойында қорқыныш,үрей болады. Жалпы біздің орталық мамандары жыл сайын «консультативтік кеңес халыққа көмек» бағдарламасы аясында облыстарға шығып, осындай қабылдау өткізеді


 Бүгін кардиохирургтың қабылдауына келгендердің бірі – Надежда Свечкарева. Оның қызы Маргаритаға 2 ай болған кезде жүрегінің ақауы анықталған.


НАДЕЖДА СВЕЧКАРЕВА, ОБЛЫС ТҰРҒЫНЫ:

- «Қызым екі айлық болған кезде біз пневмания болып ауруханаға жаттық. Бұл диагноз сол кезде қойылды. Ешқандай емдік шараларын жүргізген жоқ. Тек бақылауда болды. Бүгін дәрігердің қабылдауына келдік. Тексеріп, барлығы жақсы деді. Енді қайтадан бір жылдан кейін кардиологтың қабылдауына келеміз.


 Астаналық мамандар бүгін күні бойы қабылдау жүргізетін болады. Айта кетейік, облыста қазіргі уақытта 2 балалар кардиологы бар.