Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері басқа құзырлы мекеме қызметкерлерімен бірге бірлескен рейдтер өткізіп жатыр. Мақсат – мерзімі биыл сәуір айында аяқталған көлік салығын төлемегендерді анықтау. Көлік құралын иеленудің нақты кезеңі көлік сатып алынған айдың 1-ші күнінен бастап және оны сатқанға дейін есептеледі. Егер борышкер салықты төлеуден жалтарған жағдайда тиісті шара қолданылады.
Қазіргі уақытта 4000-нан астам солтүстікқазақстандықтың көлік салығы бойынша берешегі бар. Жалпы сома - 245 млн теңге. Егер төлемеген салығы 1 АЕК-тен асып кетсе, борышкердің ісі сот орындаушысына жіберіледі. Сондай-ақ қарыз сомасы қырық еселенген айлық есептік көрсеткішке тең болса немесе одан асса, борышкерге елден шығуға тыйым салынуы мүмкін.
ЮРИЙ БЕЛОКОПЫТОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӨНДІРІСТІК ЕМЕС ТӨЛЕМДЕР БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
- 2023 жылдың қыркүйек-қараша айлары аралығында 8,5 миллион теңгеден салық берешегі өндіріліп алынды. Көлік иелерін бар қарыздарын өтеуге шақырамыз. Салық берешегінің бар/жоқтығы туралы ақпаратты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің www.kgd.gov.kz ресми сайтының «электрондық қызметтер» бөлімінде анықтауға болады.
Берешектің бар жоғын және қарызды e-Salyq Azamat және екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы біліп, төлеуге болады. Уақтылы төленбеген жағдайда сот орындаушылар борышкердің мүлкі мен банктегі еспшоттарына, елден шығуға тыйым салады. Рейд барысында көліктері айып тұрағына қойылуы мүмкін. Әкімшілік айыппұлдар мен салық берешегі бар өңірдің борышкерлері бойынша деректер "Қорғау" бағдарламасына енгізілген. Оның көмегімен полиция қызметкерлері тәртіп бұзушыларды тіркейді және мәліметтерді қоғамдық тәртіпті қорғауды жүзеге асыратын патрульдік қызметкерлерге береді.Жалпы туындаған мәселелер бойынша полиция бөліміне немесе Мемлекеттік кірістер басқармасына жүгінуге болады.
.