Сұлтан Бейбарыстың оралуы. Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп гимназиясында осындай атаумен қалалық қойылым байқауы өтті. Оған өңірдің 22-мектебінен 200-ден астам оқушы қатысып, өнер көрсетті. Мақсат - барша түрік халықтарына ортақ тұлға Сұлтан Бейбарыстың өмір жолы мен мәңгілік мұрасын мәдени-танымдық, ағартушылық бағытта оқушылар арасында дәріптеу және қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту.


Аталған іс-шара дәстүрлі «Мен елімді жырлаймын" фестивалі аясында мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған Дешті қыпшақ даласының тумасы Сұлтан Бейбарыстың 180 жылдық мерейтойына орай өткізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқаудың алдыңғы сайыстардан ерекшелігі – іс-шараға қазақ тілі мамандарымен қатар қазақстан тарихы мұғалімдері де белсене қатысып, ой-пайымын білдірді.


ГАУҺАР ТЕМІРБАЕВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ ӘДІСКЕРІ:

Смағұл Сәдуақасов айтады ғой. «Өткенсіз бүгін жоқ. Тарихты қанша асықтырғанмен де өткендегі тарихты біз жер бетінен жойып жібере алмаймыз». Сондықтан Қазақстанның, қазақтардың тарихына оралуы, сол тарихта Сұлтан Бейбарыстың алатын орнын мектеп оқушылары арасында насихаттау. Және патриоттық тәрбие беру деген мақсатта осы шараны ұйымдастырып отырмыз.


6-9 сынып оқушылары арасында өткен байқауда Сұлтан Бейбарыстың тағдыры мен елінің алдындағы қалтқысыз қызметі, ерен ерлігі туралы сыр шертетін тарихи қойылымдар сахналанды. Соның ішінде Сұлтан Бейбарыстың көркем фильмі негізінде, Морис Симашконың «Емшан» повесі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көркем туындылардың негізінде көріністер қойылды. Әр мектептің оқушылары ізденімпаздық танытып, сахналаған қойылымдарында Бейбарыс Сұлтанның туған жерінен жырақта, жат жерде жүріп сезген жан азабын, туған жерге сағынышын, намыс пен кектің қайнаған қақтығысын көрерменге жеткізуге тырысып бақты.


ЯРОСЛАВ БУЛДАКОВ, АБАЙ АТЫНДАҒЫ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ҚАЗАҚ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ:

Қойылымды сахналауға дайыдық барысында біз Сұлтан Бейбарыстың өмірбаяны туралы мол мағлұмат алдық. Бізге дейін қандай адамдар болғанын білу өте қызықты болды. Бастапқыда мен Бейбарыспен бірге тұтқынға түсетін тұтқынның рөлін ойнаймын. Одан кейін сценарий бойынша біз өзіміздің ерлігімізді көрсетіп, жауға мықтылығымызды дәлелдейміз, намысты қолдан бермей крестшілермен күресеміз, соңында оларды жеңеміз.


Қойылым барысында қатысушылар актерлік шеберліктерін көрсетіп, түрлі декорацияларды, көз қызықтырар костюмдерді пайдаланып, сахна көркін қыздырды. Байқау соңында жүзден жүйрік шыққандар «Үздік сахналық бейне» сынды әр түрлі аталымдағы грамоталармен марапатталды.


Толғанай Бейсенбаева