Петропавлда облыстық аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға қала, аудан, ауылдардан келген кеңес мүшелері қатысты. Бірнеше ай бойы атқарылған жұмыс қорытындыланып, келер жылға жоспар бекітілді.
Обыстық аналар кеңесі 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір құрамында 500-ден астам мүше бар. Ұйым қоғамдық өмірге белсене араласады, облыста 200-ден астам іс-шара өткізген. Бүгінгі жиын «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» тақырыбында өтті.
ЖҰЛДЫЗ САТТАРОВА, СҚО ҚХА АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
- Бүгін біз кеңейтілген аналар кеңесін өткізіп жатырмыз. Бұл кеңеске барлық өңірден аналар кеңесінің төрайымдарын шақырылды. Жұмысымыз негізінен ждасөспірімдер мен жас балалармен, ата-аналарға бағытталған. Қиын жағдайға түскен отбасылармен көптеген іс-шаралар өткізудеміз. Бақытты аналар, бақытты отбасы көп болсын деген мақсатпен көптеген шаралар өткізудеміз.
Басқосуда әр ауданнан келген ұйым өкілдері 10 ай бойы атқарылған жұмысты қорытындылап, баяндама оқыды. Солардың бірі Шал ақын ауданы, Ысқақ Ыбыраев ауылынан келген – Жанна Сәрсекеева. Айтуынша, елді-мекенде ұлттық тәрбиеге көп көңіл бөлінеді. Саламатты өмір салты да басты назарда.
ЖАННА СӘРСЕКЕЕВА, Ы. ЫБЫРАЕВ АУЫЛЫ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:
- Үлкен бір іс-шара өткіздік. «Бесік жыры – бар тәлімнің бастауы» - деген. Әжелер мен аналар кеңесінің біріккен отырысы болды. Орта және жоғары буын қыздарымен бұл жерде бесік жырының маңызы туралы әңгіме болды. Бесік жырын тыңдап өскен бала – тілдің жаңашыры болып өседі. Сондықтан тіл мәселесін де осы аналар кеңесі шешіп жатыр деген ойдамын.
Сонымен қатар, отырыста «Аналар кеңесінің» алдағы жоспары талқыланып, ұйымның белсенді өкілдері марапатталды.