Солтүстікқазақстандық полицейлер кәсіптік бағдар беру жұмысының жаңа форматын пайдаланып келеді. Жастарды полицияға жұмысқа шақыру үшін тәртіп сақшылары облыс аудандарына шығуды қолға алды. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің бейнематериалына назар аударайық.


 Үгіт-насихат жұмысы жүргізілген алғашқы елді-мекен Аққайың ауданының орталығы Смирново ауылы болды. Аққайыңдық жастардың алдында облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Сәуле Андағұлова сөз сөйледі. Полиция полковнигі қызметтің беделі, лайықты еңбекақы, тегін арнайы киім-кешек және ауқымды әлеуметтік қолдау сияқты артықшылықтар туралы айтты.


 Сәуле Андағұлова, СҚО ПД бастығының орынбасары:

- Әр адам өзі қалаған мамандықты таңдайды. Біріне оның беделі мен мәртебесі, кейбіріне тапқан табысы ұнайды. Тағы бір адамдар сұранысқа ие мамандықты таңдайды. Полиция қызметкері ретінде бүгінгі таңда полицей мамандығының сұранысқа ие екенін сеніммен айта аламын


Кездесуде аудандық полиция бөлімінің бірқатар қызметкерлері, оларға тәрбие берген ата-аналары және ішкі істер органдарының қызметкерлері марапатталды. Аққайыңдықтар үшін концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ жауынгерлері қоян-қолтық ұрыстың әдіс-тәсілдерін көрсетсе, Мәдени орталықтың қызметкерлері патриоттық әндерден шашу шашты. Қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан сақшыларға арналып орындалған әндердің бірін залға жиналған көрермен түрегеп тұрып тыңдады, ал балалары үшін жанын шүберекке түйіп отыратын аналар көздеріне жас алды. Кездесуге қатысқан аудан әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Байзақ мемлекетке қызмет еткісі келетін жастарға жергілікті атқарушы органдар тарапынан да қолдау болатынын атап өтті. Ал Аққайың аудандық полиция бөлімінің аға анықтаушысы Берік Ілиясов жастарды полицияға қызметке шақырып, өзінің жетістіктерімен бөлісті.


Берік Ілиясов, Аққайың ауданы ПБ аға анықтаушысы:

- Білімімді, жұмысымды көрсетіп, 2022 жылы Солтүстік Қазақстан облысының үздік тергушісі атағын алдым. Соның арқасында 2022 жылы желтоқсан айында республикалық «Үздік тергеуші» конкурсына қатысып, үшінші орынға ие болдым.


 Полицейлер кәсіптік бағдар беру жұмысын үнемі жүргізіп тұрады. Петропавл қаласында орналасқан білім ордаларының оқушыларымен кездесулер өткізу жалғасуда. Жуырда Сәуле Андағұлова Солтүстік Қазақстан университетінің студенттерімен кездесті. Жоғары оқу орнында білім алып жүрген жастарға полицей мамандығының маңыздылығы жайлы айтылып, ішкі істер органдарында қызмет атқаруға шақырылды. Бүгінгі таңда солтүстікқазақстандық полиция қатарында еңбек етіп жүрген әрбір алтыншы қызметкер – әйел полицей. Олар да ер адамдармен бірге иық тіресе қызмет атқарып келеді.