15 қараша - ұлттық валюта күні. Биыл теңгенің айналымға енгеніне 30 жыл толып отыр. Осы аралықта валютамыз өзінің қабілеттілігі мен тұрақтылығын дәлелдей отырып, түрлі сынақтарды және қиыншылықтарды басынан өткерді. Теңге – тәуелсіз мемлекетіміздің айшықты белгісі. Еліміздің тарихынан, мәдениетінен, салт-дәстүрінен хабардар ететін маңызды атрибуты. Петропавлдағы Абылай хан резиденциясы музей кешенінде төл теңгеміз жайында ақпарат беретін ерекше көрме ашылды.
Жеңіске 75 жыл, Астанаға 20, 25 жыл, Тұрар Рысқұлов, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Жамбылға 175 жыл, Талғат Бигелдиновке 100 жыл. Күміспен күптеліп, алтынмен апталған. Формасы да әртүрлі монеталар. Мсәелен мына үш бұрышты ерекше монета «Сиқырлы символдар» сериясынан. Номиналы – 100 теңге. Жалпы көрмеге 100-ден астам ерекше монеталармен бірге банкноталар да қойылған.
АСЛАН ӘЛІМЖАНОВ, АБЫЛАЙ ХАН РЕЗИДЕНЦИЯСЫ МУЗЕЙ КЕШЕНІНІҢ КӨРМЕЛЕР ҰЙЫМДАСТЫРУ МАМАНЫ:
- «Ұлттық банктің филиалымен бірге көрме ұйымдастырып отырмыз. Бұл жерден шағын таралыммен шыққан коллекциялық монеталарды көруге болады. Олар тарихи тұлғаларға, оқиғаларға, біздің менталитет пен дәстүрлерімізге, фауна мен флораға арналған. Олар өте құнды, айналымда жоқ. Мәселен номиналы 100 теңге болса да, олар таза күмістен жасалған, бағалы тастармен безендірілген. Олар көбіне коллекционерлердің қолында және Ұлттық банктің қорында сақталған. Сондықтан да көрмеге келіп, оны көруге болады».
Теңгенің тарихы ҚР Президентінің 1993 жылдың 12 қарашасында қол қойған «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Заңынан басталады. Арада үш күн өткенде, 15 қарашада ел аумағындағы жаңа сауда саттық жасау құралы ретінде төл теңге қолданысқа енді. Сол кезде бір теңгенің құны 4,75 АҚШ долларына тең болды. Ал есеп айырысу кассаларында бір теңгені сол кездегі ақша – 500 рубльге айырбастауға болды.
ӘСЕМГҮЛ ҚЫДЫБЕКОВА, АБЫЛАЙ ХАН РЕЗИДЕНЦИЯСЫ МУЗЕЙ КЕШЕНІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- «Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада таңғы 8.00-де басталды. Тиын бастапқыда қағаз болды, кейін өзгерістер енгізіліп, оларды монеталарға көшірдік. Сол монеталарымыздың өзі бірнеше өзгерістен өтті. Ұлттық ойындар, салт-дәстүрлер, жеті қазына, спорттық ойындар түрлеріне арналған сериялар көрермен назарына ұсынылған. Ерекше айта кететіні – Қызыл кітап, оған енген жануарлар жайында өте қызықты. Сондай-ақ коллекциядағы ең құндысы – «Жеті қазына» сериясы. Ондағы әр монетаның біреуінің құны – 500 мың теңге тұрады. »
Валюта күніне арналған бұл көрме 17 қарашаға дейін жұмыс істемек. Келем деушілерге кіру тегін.